QOLONER: Алматыда Орталық Азияның үздік қолөнер шеберлері анықталады

Қазақстанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қолөнер шеберлерін біріктірген QOLONER халықаралық байқауы өтіп жатыр. Жоба дәстүрлі қолөнерді сақтап, ұлттық мәдени мұраны дәріптеумен қатар, шеберлердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруды көздейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қолөнершілерге қандай мүмкіндік беріледі
Байқаудың негізгі мақсаты – Орталық Азия елдері арасындағы мәдени байланысты нығайту, дәстүрлі қолөнерді дамыту және шеберлерге өз өнімдерін коммерциялық нарыққа шығаруға мүмкіндік беру. Ұйымдастырушылар қолөнерді мәдени мұраның бір бөлігі ретінде ғана емес, кәсіпкерліктің дербес бағыты ретінде дамытуға басымдық беріп отыр.

Байқау жеңімпаздары өз бұйымдарын Қазақстандағы ең ірі бөлшек сауда желілерінің бірінде бір жыл бойы сатуға мүмкіндік беретін келісімшартқа ие болады. Сондай-ақ олардың өнімдері мейрамханалар желісінің арнайы сауда алаңдарында ұсынылады.
Бұдан бөлек, байқауға қатысушылар өз жұмыстарын SHEBER мобильді қосымшасына орналастыра алады.
Байқау жеңімпаздары қашан анықталады?
2026 жылғы 20 желтоқсанда Алматыда халықаралық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Үш елдің қолөнер шеберлері арасында 12 номинация бойынша үздіктер анықталады.

Байқауға қатысуға ниетті шеберлер qoloner.marwin.kz сайты арқылы өтінім бере алады.
Халықаралық байқау мәдениет, гастрономия және креативті индустрия салаларындағы жобаларды дамытып жүрген қазақстандық компанияларды біріктіретін QOLÖNER консорциумының бастамасымен, Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.