Алматы облысының Қонаев қалалық сотында қоғам белсендісі әрі агросарапшы Алмасбек Садырбайға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы соттан Садырбайды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген Алмасбек Садырбай журналистермен аз уақыт тілдескен сәтінде бұған дейін өз ісі жайлы бір-екі ауыз пікір білдіріп үлгерген еді. “Айыптау актісінің өзі 90 беттен тұрады. 500 томдық іс! “Алмасбек Садырбай ақшаны алды, алдады” деген бірде-бір сөз естідіңіздер ме? Жазу да жоқ, сөз де жоқ, түк те жоқ” деген еді ол.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
2025 жылдың қаңтарында Гиперборей арнасында Алмасбек Садырбайдың уақытша оқшаулағыштан жариялаған видеосы пайда болған еді. Онда Садырбай «мен мұнда не үшін отырғанымды білмеймін, сот әділетті шешім қабылдар деген сенімдемін, мен тергеу амалдарының бәрінде серіктесуге дайынмын, маған қорғануға, адал атымды қорғауға мүмкіндік беріңіздер, басқа ештеңе керек емес» дейді Садырбай
Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Былтырдан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Биыл мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алмасбек Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген.
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде А.Садырбайдың Орталық Азия университетін «экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбай Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.