Алматы тау туризмінің бірыңғай кеңістігін қалай қалыптастыруда
Алматы тау кластерін дамыту жобалау кезеңінен нақты іске асыру кезеңіне өтті. Қазіргі уақытта «Шымбұлақ» және Oi-Qaragai курорттарында, Бутаковка және Кімасар шатқалдарында қатар жұмыстар жүргізіліп жатыр, ал Almaty SuperSki құрылысы қарқынды кезеңге көшті. Нәтижесінде қысқы маусыммен шектелмейтін, жыл бойғы туризмге бағытталған бірыңғай таудағы демалыс жүйесі біртіндеп қалыптасуда, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары 73 іс-шараны қамтиды. Даму моделінің негізінде қолданыстағы курорттарды кезең-кезеңімен жаңғырту, жаңа тау аймақтарын дамыту және оларды ортақ туристік инфрақұрылымға біріктіру көзделген.
Елеулі нәтижелердің бірі Oi-Qaragai курортында тіркелді. Мұнда 10 орындық гондолалы және 6 орындық аспалы орындықты арқанжолдар пайдалануға беріліп, тау шаңғысы трассаларын дамытудың бірінші кезеңі іске асырылды, сондай-ақ парапланмен ұшуға арналған алаң ашылды. Бұл жобалар қысқы спортпен қатар белсенді демалыстың басқа да түрлерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Шымбұлақ» курортында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Курортты дамыту аясында өткізу қабілетін арттыруға, келушілер ағынын біркелкі бөлуге және шаңғы тебу аумағын кеңейтуге бағытталған жаңа көтергіштер салынып жатыр. Сонымен қатар Бутаковка және Кімасар шатқалдарында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бутаковкада болашақ арқанжол станцияларына арналған алаңдар әзірленіп, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілсе, Кімасарда болашақ базалық станцияның алаңы дайындалды.
Алдағы уақытта кластердің осы бөлігін дамыту аясында «Шымбұлақ» пен Oi-Qaragai курорттарын арқанжолдар мен тау шаңғысы трассаларының бірыңғай жүйесі арқылы біріктіру көзделген.
Жеке бағыттардың бірі – құрылысы қарқынды кезеңге өткен Almaty SuperSki жобасы. Францияның POMA компаниясымен бірлесіп арқанжолдардың іргетасын құю жұмыстары басталды. Сонымен қатар болашақ курорттың техникалық параметрлеріне сәйкес арқанжолдар дайындалып жатыр. Жалпы Almaty SuperSki аясында 11 арқанжол салу көзделген.
Жоба отандық өнеркәсіптің дамуына да ықпал етуде. Әлеуетті өндірушілерді бағалау нәтижесінде қазақстандық компаниялардың бірі арқанжол конструкцияларының жекелеген элементтерін Еуропаның сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өндіру үшін біліктілік іріктеуінен өтті. Осылайша, ірі туристік жобаны іске асыру елімізде технологиялар трансфертіне және жаңа өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Almaty SuperSki жобасын дамытуға тау курорттары мен туристік инфрақұрылымды жобалауға маманданған халықаралық компаниялар тартылған. Архитектуралық тұжырымдаманы Foster + Partners компаниясы әзірледі. Ағаштан жасалатын тірек конструкцияларын жобалау және өндірумен швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы айналысады. Ал тау ауылына арналған тұжырымдаманы канадалық Ecosign компаниясының қатысуымен даниялық Bjarke Ingels Group әзірлеп жатыр. Курортты 2028 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар тау кластерін дамыту трассалар мен көтергіштер салумен ғана шектелмейді. Тұжырымдамада жаяу серуендеу инфрақұрылымын, визит-орталықтарды, цифрлық навигацияны және таудағы қауіпсіздік жүйесін дамыту қарастырылған.
Инфрақұрылымды жыл бойы пайдалану негізгі қағидаттардың біріне айналуда. Қыс мезгілінде кластер тау шаңғысы спортымен айналысуға мүмкіндік берсе, жылы мезгілде жаяу туристік маршруттарға, трекингке, велотуризмге және таудағы демалыстың басқа да түрлеріне басымдық берілуі мүмкін.
Мұндай тәсіл Алматы тау кластерін жекелеген курорттар жиынтығы емес, бірыңғай туристік аумақ ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. «Шымбұлақ», Oi-Qaragai, Almaty SuperSki және жаңа туристік аймақтар бірін-бірі толықтырып, қала тұрғындары мен туристер үшін маршруттар мен демалыс түрлерінің аясын кеңейтуге тиіс.
Осылайша, қолданыстағы және жаңа курорттарды біріктіру, көлік және қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жыл бойғы демалыс форматына көшу Алматы тау кластерінің Қазақстандағы тау туризмінің негізгі орталықтарының бірі ретінде қалыптасуына негіз болмақ.