TOP-2Жаңалықтар

Ауруханаларда қарт адамдарды қабылдаудан бас тартса, қайда жүгіну керек

Елдегі жасы келген кәрі адамдарды ауруханаға қабылдамау немесе “үйден күтіңдер” деп ауруханадан шығаратын жағдайлары кездеседі. Бұл – үлкен кісілерге ажалы таяған адам деп қарау ма, әлде ауруханалар өлім көрсеткішін тіркеуден қорқа ма? Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев осы cұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Журналист вице-министрден егде жастағы науқастарды ауруханаға қабылдамау туралы айтылып жүрген жағдайларға байланысты түсініктеме сұрады.

«Елімізде жасы келген қарт адамдарды ауруханаға қабылдамау жағдайлары жиі кездесетінін естиміз. Бұл үлкен кісілерге ажалы таяған адам ретінде қарау ма, әлде ауруханалар өлім көрсеткішінің тіркелуінен қорқа ма? Мұндай жағдайлардан хабарыңыз бар ма?» – деп сұрады журналист.

Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде науқастарды жасына қарай кемсіту тәжірибесі жоқ екенін айтты.

«Бізде ондай сегрегация (кемсітушілік) жоқ. Егер мұндай фактілер болса, Денсаулық сақтау министрлігіне немесе медициналық қызмет сапасын бақылау комитетіне хабарласа аласыздар. Біз оларды тексереміз. Тексеру нәтижесінде заңбұзушылық расталса, тиісті шаралар қабылдаймыз», – деді вице-министр.

Ауруханалар өлім көрсеткішінен қорқа ма

Тілші медициналық мекемелердің жұмысын бағалау кезінде науқастардың өлім-жітім көрсеткіші қаншалықты маңызды екенін де сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, өлім-жітім көрсеткіші ел және облыс деңгейінде талданады. Алайда мұндай индикатор әрбір ауруханаға немесе дәрігерге жеке белгіленбейді.

«Біз бұл көрсеткішті республика және облыстар бойынша қараймыз. Ал әрбір ауруханаға, емханаға мұндай индикатор қойылмайды. Дәрігерлерге де ондай көрсеткіш белгіленбейді», – деп жауап берді Тимур Сұлтанғазиев.

Back to top button