Бишімбаев ісінің бұрынғы прокуроры сталкинг құрбандарын қорғауды күшейтуді ұсынды
Құрылтай депутаты, Салтанат Нүкенова өліміне қатысты істің бұрынғы прокуроры Айжан Аймағанова спайкинг үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Ол сондай-ақ сталкинг құрбандарын қорғауды күшейтіп, мұндай фактілер бойынша полиция арыздарды тіркеуден бас тарту себептерін тексеруге шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сталкинг үшін ең жоғары жаза қандай
Аймағанова депутаттық сауалы аясында азаматтар қауіпсіздігіне тікелей қатысты екі мәселеге тоқталғысы келетінін жеткізді.
Олар – сталкинг (адамды заңсыз қудалау) және спайкинг (адамның келісімінсіз оған қауіпті заттарды жасырын енгізу). Біріншісі – сталкинг, яғни адамды заңсыз қудалау. 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Алайда заңды қолдану тәжірибесі құқықтық тетікті одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған, – деді депутат.
Ол қолданыстағы заңнама бойынша сталкинг үшін көзделген ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамаққа алу екенін жеткізді. Алайда қудалау әрекеті бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, әлеуметтік желілер арқылы мазалау сияқты түрлі сипатта жалғасуы мүмкін көрінеді. Мәлім болғандай, биыл 8 қыркүйекте сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбірленушілерді қорғау жөнінде петиция жарияланған. Аймағанова осы себепті бұл мәселені тек жазаны күшейту тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз екенін айтты.
Екіншісі мәселе – спайкинг. Ол көбінде жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және өзге де қылмыстар жасауға жол ашады.Қазір мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда адамның келісімінсіз қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекетінің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмеген, – деді құрылтай депутаты.
Депутаттың ІІМ-ге сауалы
Оның ойынша, мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың туындауын немесе өзге қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ. Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы тиіс.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінен сталкинг бойынша қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесіне, соның ішінде жүйелі қудалау фактілерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептеріне талдау жүргізуді сұрады.
Ал спайкинг бойынша депутат криминология саласы мамандарынмен бірлесіп, мәселені жан-жақты зерттеу, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтау маңызды алға тартты.
Спайкингті жедел анықтап, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеуді сұраймыз. Зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қоюылуы маңызды, – деді Аймағанова.