Әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендей бастады
Бұған Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейсе де, жаһандық нарықта мұнай жеткізілімінің көлемі көбейеді деген болжам әсер еткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Brent бағасы қанша
Ресми ақпараттарға сәйкес, сәрсенбі күні West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай бағасы барреліне 81 долларға дейін төмендеді. Бұған дейінгі сауда сессиясында оның құны 2,4 пайызға өскен болатын. Ал Brent маркалы мұнай бағасы алдыңғы сауда қорытындысында барреліне 91 доллардан жоғары деңгейде жабылды.
Мұнай нарығындағы бағаға әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал. Bloomberg агенттігі мәліметінше, Иран мен оған қатысты шиеленіс аясында Ормуз бұғазы маңындағы кемелерге шабуыл жиілеген. Fars агенттігі хабарлауынша, Иран сейсенбі күні минадан зардап шеккен төртінші танкер туралы мәлімдеген. Бұл – соңғы уақытта нысанаға алынған кемелер қатарына қосылған кезекті оқиға.
Бұғазда бақылау күшейе ме
Бұған қоса, Tasnim агенттігі Тегеран өз талаптары орындалғанша Ормуз бұғазындағы бақылауды күшейтуге ниетті екенін ескерткенін мәлімдеді. Осы жағдай тоғыз айға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан қақтығыстың жақын арада шешілуі екіталай екенін аңғартады. Соған қарамастан, аймақтағы шиеленіс мұнай экспортының өсуіне кедергі келтірмеген.
Сарапшылар есебінше, Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа қарамастан, соңғы айларда Парсы шығанағы аймағынан шикі мұнай экспортының көлемі артты. Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) биылғы тоқсанда әлемдік мұнай нарығында ұсыныс сұраныстан асып, артық қор қалыптасуы мүмкін екенін болжап отыр.