Жаңалықтар

Алматыда сәулет және қаланы дамыту жөніндегі SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы басталды

Алматыда әлемнің жетекші сәулет бюроларының қатысуымен SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы өтіп жатыр

Алматыда сәулет және қаланы дамыту жөніндегі SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы екінші рет өтіп жатыр. Форум қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеген Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалалық ортаны дамытуда халықаралық деңгейдегі кәсіби диалогтің, тәжірибе алмасудың және озық сәулет тәжірибесін қолданудың маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Іс-шараға Ұлыбритания, Германия, Дания, Испания, Словения, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея және өзге де елдердің Zaha Hadid Architects, Foster + Partners, Bjarke Ingels Group (BIG), Kohn Pedersen Fox (KPF), Gehl, gmp Architekten, Aedas, SimpsonHaugh, MORPH, ENOTA, LDA Design, CITIC Design және басқа да жетекші сәулет бюроларының сәулетшілері мен сарапшылары қатысып жатыр.

Алматы әкімі форум жобаларды іске асыруға, сондай-ақ халықаралық және қазақстандық сәулет бюроларының, университеттер мен сарапшылардың жемісті ынтымақтастық орнатуына жаңа мүмкіндік ашатынына сенім білдірді.

«Бүгінде әлемде елдер ғана емес, қалалар да адами капитал, инвестиция және идеялар үшін бәсекеге түсіп жатыр. БҰҰ дерегіне сәйкес, жер жүзінде халқының саны миллионнан асатын 500-ден астам қала бар, ал 2030 жылға қарай олардың саны 700-ден асады. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 80 пайыздан астамы қалаларда өндіріледі. Алматы – Қазақстанның ең ірі қаласы әрі Орталық Азияның жетекші экономикалық, іскерлік және мәдени орталықтарының бірі. Мұнда 2,4 млн-нан астам адам тұрады, еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 22 пайызы Алматының үлесіне тиесілі. Алматы өмір сүруге, еңбек етуге, білім алуға және кәсіп ашуға қолайлы қала болып қалуға тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.

Оның айтуынша, Алматы үшін экологиялық тұрақтылықты, жасыл аумақтарды және қаланың табиғи желдетілуін сақтау аса маңызды. Сондықтан қала қарқынды ғана емес, теңгерімді де дамуға тиіс.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттердің біз үшін маңызы айрықша. Президент заманауи инфрақұрылымы бар, тұрмыс сапасы жоғары әрі адамға қолайлы орта қалыптасқан жаңа мемлекет құру қажеттігін атап өтті. Бұл Алматыға ерекше жауапкершілік жүктейді. Қаламыз қалалық орта сапасының жаңа стандарттарын қалыптастырып, құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларында көшбасшы болуға тиіс. Біз халықаралық тәжірибе мен жаңа технологияларға ашықпыз. Біз үшін дайын жобаларды сол күйінде енгізу емес, қаланың дамуына кәсіби баға алу және шетелдік сәулетшілермен бірлесіп, Алматының нақты аумақтарына лайықты шешімдер табу маңызды», – деді Алматы әкімі.

Өз кезегінде SHARE Architects негізін қалаушы Флорин Миндириджиу заманауи сәулет шешімдерін Алматының өзіндік болмысын, бірегей табиғи ландшафты мен сәулет мұрасын сақтаумен ұштастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе қаланың дамуына, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және Алматының өзіндік келбетін сақтауға ықпал етуге тиіс.

«SHARE Kazakhstan бізге Алматының қаланы дамытудағы ұстанымын таныстыруға, осы бағытта атқарған жұмыстарымызбен бөлісуге және сәулет пен қала құрылысы саласындағы өзекті міндеттерді талқылауға мүмкіндік береді. Дамып келе жатқан өзге қалалардың тәжірибесін зерделеу, олардың заманауи сын-қатерлерді қалай еңсеріп жатқанын білу және Алматының ерекшеліктерін ескере отырып, қолдануға болатын шешімдерді айқындау да маңызды», – деді «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов.

Биік ғимараттар салу және қоғамдық кеңістіктерді дамыту мәселелері форумдағы негізгі талқылау тақырыптарының бірі болмақ. Екінші күні заманауи сәулет пен жобалау тәжірибесіне баса назар аударылады. Пленарлық сессияларда спикерлер қоғамдық ғимараттардың жобасын, қасбеттерге арналған сәулет шешімін және ауқымды құрылыс жобаларының үлгісін таныстырады.

Back to top button