Қазақстанда мұрагерлікке қатысты заңнама қайта қаралмақ
Қазақстанда мұрагерлік құқыққа қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы 2026 жылғы 24 қарашада Құрылтай отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мұрагерлікке қатысты құқықтық қатынастарды Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексінің жобасын әзірлеу аясында нақтылау ұсынылып отыр.
Мұрагерлік құқық қалай өзгереді
Әділет министрінің айтуынша, мұрагерлік құқықты жетілдіру барысында азаматтардың еркі мен отбасының мүддесі ескерілуі тиіс.
«Мұрагерлік құқық Конституцияда дербес құндылық ретінде бекітілген. Оны адамның еркі мен отбасының мүддесіне құрметпен қарай отырып дамыту қажет», – деді Ерлан Сәрсембаев Құрылтай отырысында.
Кейін министр журналистерге ведомствоның ұстанымын толығырақ түсіндірді.
Мұрагері жоқ азаматтардың мүлкі не болады
Әділет министрінің сөзінше, қолданыстағы Азаматтық кодексте мұраның мемлекет меншігіне өтуіне және мемлекеттің мұрагерлік қатынастарға қатысуына байланысты мәселелер толық қамтылмаған.
«Конституция деңгейінде меншік құқығы мен мұрагерлік құқықты бекіттік. Алайда қолданыстағы Азаматтық кодексте, әсіресе мұра мемлекет меншігіне өткен немесе мемлекет осы қатынастарға қатысқан жағдайда, бұл мәселелер толық көрініс таппаған. Мәселен, адам дүниеден өтіп, артында мұрагерлері қалмаса, оның мүлкінің жеке меншіктен мемлекет меншігіне өтуіне байланысты құқықтық қатынастарды белгілі бір деңгейде қайта қарау қажет», – деді министр.
Осылайша, жаңа Азаматтық кодекс аясында мұрагері жоқ азаматтардың мүлкін мемлекет меншігіне өткізу тәртібін және осыған байланысты құқықтық қатынастарды жетілдіру көзделіп отыр.