Жаңалықтар

Қазақстандағы қонақүйлерде қызмет көрсетудің жаңа талаптары енгізіледі

Қазақстанда қонақүйлерге қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Олар бөлмені брондау, қонақтарды орналастыру, тазалық, тамақтану және қауіпсіздік мәселелерін қамтиды. Жаңа стандарт 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді және барлық санаттағы қонақүйлерге қолданылады. Жаңа талаптар туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бөлмені брондау және қонақтарды орналастыру тәртібі

Бөлмені брондамас бұрын қонақүй клиентке бөлменің құны, алдын ала төлем жасау қажеттілігі және броньнан бас тарту шарттары туралы ақпарат беруге міндетті. Қонақүй брондау туралы өтінімге 24 сағаттан кешіктірмей жауап беруі тиіс.

Қонақүйлер қонақтарды орналастыру және шығару уақытын өздері белгілейді. Дегенмен жаңа стандартта қонақтарды сағат 14:00-ден кешіктірмей орналастыру, ал бөлмені босату уақытын сағат 12:00-ден ерте белгілемеу ұсынылады.

Егер қонақ келген кезде бөлме әлі дайын болмаса, қонақүй оның жүгін уақытша сақтауға алуды ұсынуы тиіс. Сонымен қатар күту кезінде қосымша қызмет көрсетілуі керек. Мәселен, қонаққа шай ұсынуға болады.

Бөлмелерді тазалау және тамақтануға қойылатын талаптар

Қонақтар ауызсумен тәулік бойы қамтамасыз етілуі тиіс. Қонақтар орналасқан бөлмелер олардың келісімімен күн сайын тазалануы керек. Егер бөлменің есігінде «Мазаламаңыз» деген белгі ілініп тұрса, тазалық қызметкері кейінірек келуге міндетті. Ал қонақ бөлмеде болған жағдайда алдымен оның рұқсатын алу қажет.

Жаңа стандартта тағамдық аллергиясы бар қонақтардың қажеттіліктері де ескерілген. Мәселен, баланың жаңғаққа аллергиясы болса, ата-анасы қонақүй қызметкерлерінен тағамның құрамы туралы сұрай алады. Қызметкерлер тағамның құрамын түсіндіріп, асүйде қажетті азық-түлік болған жағдайда құрамында жаңғақ жоқ кемінде бір тағам ұсынуы тиіс.

Қонақтардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді

Қонақүй қызметіне көңілі толмаған азаматтар ауызша немесе жазбаша шағымдана алады. Қонақүй әкімшілігі шағымды тіркеп, мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданғанын хабарлауға міндетті.

Сонымен қатар жаңа стандартқа сәйкес:

  • еденнің ылғал әрі тайғақ екені туралы ескерту белгілері қойылуы тиіс;

  • бассейннің тереңдігі көрсетілуі керек;

  • бассейн маңында құтқарушының бар-жоғы туралы ақпарат берілуі қажет;

  • қонақүй қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуді және реанимациялық шараларды жүргізуді білуі тиіс;

  • қонақүйлер өз жауапкершілігін сақтандыруға міндетті болады.

Жаңа стандарт қашан күшіне енеді

Жаңа стандарт 2027 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Оның талаптары санатына қарамастан барлық қонақүйге таралады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа стандарт қонақүйдегі қызмет көрсету сапасын жекелеген жағдайлар бойынша ғана емес, қонақтың қонақүйде болған барлық кезеңі бойынша бағалауға мүмкіндік береді.

«Қонақүй басшылары үшін стандарт қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын бағалау өлшемдерін белгілейді. Сондай-ақ құжат қызметкерлер арасында міндеттерді бөлуге және оларды оқытуды жоспарлауға көмектеседі. Жекелеген талаптар тамақтану гигиенасы мен қауіпсіздігіне, ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына, жабдықтарға қызмет көрсетуге, іс-шаралар мен бос уақытты ұйымдастыруға қатысты», – деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button