Заң мен тәртіп: Қазақстанда құқықтық сауаттылықты арттыру жобасына 1500-ден астам адам қатысты
«Заңды құрметтейсің – өзіңді құрметтейсің»: республикалық жобаның нәтижесі қандай

Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған 60 кездесу ұйымдастырылды. «Заңды құрметтейсің – өзіңді құрметтейсің» жобасы аясында өткен іс-шараларға 1500-ден астам адам қатысқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық берілді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылған жобаны «Жамбыл облысының НҚО қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған. Бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының құндылықтарын кеңінен насихаттау.

Атыраудағы басқосуЖоба аясында ұйымдастырылған кездесулерге жастар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерді талқылап, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

Ұйымдастырушылар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударған. Осы мақсатта «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының негізгі құндылықтарын, мемлекет қабылдап жатқан шараларды және азаматтық қоғамның рөлін түсіндіретін 20 инфографика әзірленіп, жарияланды. Сонымен қатар азаматтардың өз құқықтарын білуіне және оларды іс жүзінде қорғауына көмектесетін бейнероликтер дайындалды.
Балаларға арналған танымдық комикстер де жарық көрді. Оларда жол қозғалысы ережелері, адасып қалған жағдайда қалай әрекет ету керектігі және буллингтің алдын алу мәселелері қамтылған.
Құқық қорғау саласындағы үздік бастамалар іріктелді
Жоба аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі – азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған үздік тәжірибелерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Заң және тәртіп: заңның үстемдігі» байқауы.

Байқау бес номинация бойынша өткізілді:
-
Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған үздік науқан;
-
Құқықтық ағарту саласындағы инновациялар;
-
Халықтың осал топтарының құқықтарын қорғау;
-
Құқықтарды қорғаудағы цифрлық құралдар;
-
Жергілікті деңгейдегі үздік құқық қорғау бастамасы.
Байқауға барлығы 15 өтінім келіп түскен. Сонымен қатар жоба аясында әлеуметтік желілерде жүргізілген ақпараттық науқан 30 мыңнан астам бірегей аккаунтты қамтыды. Жарияланған материалдар 20 мыңнан астам рет қаралып, әлеуметтік желідегі парақшаларда 3500-ден астам әрекет тіркелген.

Жобаның негізгі идеясы – құқықтық сауаттылықтың жасқа немесе әлеуметтік мәртебеге байланысты емес екенін ұғындыру. Өйткені азаматтардың өз құқықтарын білуі, заң талаптарын сақтауы және құқықтық тетіктерді күнделікті өмірде пайдалана алуы – заң үстемдігі орныққан қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарттарының бірі.