ЕрекшеЭкономика

Банктер бұдан былай кредит сұраған азаматтарға ойланатын уақыт береді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 30 қыркүйектен бастап тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыз беру кезінде «шешім қабылдау» кезеңі енгізілетінін еске салды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шешім қабылдау кезеңінің негізгі мақсаты – қарыз алушыға ойланып шешім қабылдауға уақыт беру және соның нәтижесінде асығыстықпен қарыз шартын жасасу немесе алаяқтық схемаларға тартылу ықтималдығын азайту болып отыр. Заңды іске асыру үшін агенттік басқармасы онлайн берілетін тұтынушылық кепілсіз қарыздар бойынша мынадай шешім қабылдау тәртібін қабылдады:

  • 150 АЕК-тен (589 800 теңге) 255 АЕК-ке (1 002 660 теңге) дейінгі сома кезінде банктік қарыз шартын жасасқаннан кейін кемінде 8 сағат;

  • банктік қарыз сомасы 255 АЕК-тен (1 002 660 теңге) жоғары, 75 АЕК-тен жоғары микрокредит (294 900 теңге) сомасы кезінде кемінде 24 сағат;

  • қарыз алушыға ақшаны аударуға тек белгіленген шешім қабылдау кезеңі өткеннен кейін оның кредит беруге келісімін алғаннан соң рұқсат етіледі.

Банктер мен МҚҰ қарыз алушыға 1 күн ішінде жалпы сомасы көрсетілген лимиттерден асатын бірнеше кредит берілген жағдайда шешім қабылдау кезеңін сақтауға міндетті. Бұл ретте шешім қабылдау кезеңі тауарлық кредиттер беруге, ішкі қайта қаржыландыруға және төлем картасы бойынша лимит (150 АЕК дейін) шеңберінде қарыздарға қолданылмайды.

Егер қарыз алушы шешім қабылдау кезеңінде кредит алу туралы шешімін өзгертсе, қарыз шарты жойылады және оған кредит қаражаты аударылмайды.

ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ

Шешім қабылдау кезеңі тек онлайн-қарыздар үшін қолданылады және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға бағытталған. Бұл дегеніміз, енді халық кредит рәсімдеуде асығыс қадам жасамай, ойланып барып келісімін бере алады. Агенттіктің түсіндіруінше, егер қарыз алушыға ақша шұғыл қажет болса, ол кез келген уақытта банктің немесе МҚҰ бөлімшесіне жүгіне алады. Онда қарызды «шешім қабылдау кезеңін» күтпей-ақ рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Осылайша жаңа норма халықтың қаржылық қауіпсіздігін күшейтіп, кредитті ойланбай алудың алдын алуды көздейді.

Back to top button