Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 60 науқас зерттеуге қатысады
Қазақстандық ғалымдар қатерлі ісіктің химиотерапияға төзімділігін төмендетіп, емдеу тиімділігін арттырудың жаңа жолдарын зерттеп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ғалымдар қатерлі ісіктің емге төзімділігін зерттеп жатыр
Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Назарбаев Университетінің мамандары қуық обырына шалдыққан науқастарды емдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеу жүргізуде. Негізгі мақсат – қатерлі ісік жасушаларының химиотерапияға неліктен төзімді болатынын анықтап, бұл кедергіні еңсерудің жолдарын табу.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зерттеуге 60-қа жуық науқас қатыстырылған. Ғалымдар олардың ісік тіндері мен зәр үлгілерін пайдаланып, заманауи зертханалық технологиялар арқылы жасушалардың үшөлшемді модельдерін әзірлеуде.
«Зерттеуге 60-қа жуық науқас қатыстырылды. Аурудың ерекшеліктерін зерделеу үшін мамандар заманауи зертханалық технологияларды қолдануда. Бұл технологиялар науқастардың ісік тіндері мен зәр үлгілері негізінде жасушалардың үшөлшемді модельдерін жасауға мүмкіндік береді», – делінген министрлік хабарламасында.
Мұндай модельдер ғалымдарға қатерлі ісік жасушаларының әрекетін зерттеуге, олардың дәрілік препараттарға қалай жауап беретінін анықтауға және емге төзімділікті төмендетудің ықтимал жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Яғни зерттеушілер химиотерапияның әсерін әлсірететін биологиялық механизмдерді анықтауға күш салып жатыр.
Химиотерапияның тиімділігін арттыру мүмкін бе
Ғалымдардың назарында ісік жасушаларының емге төзімді болуына ықпал етуі мүмкін TAM-рецепторлары деп аталатын ақуыздар тобы бар. Зерттеудің алдын ала нәтижелері осы ақуыздардың кейбірінің деңгейі қатерлі ісіктің агрессивтілігімен және химиотерапияға төзімділігімен байланысты болуы ықтимал екенін көрсеткен.
Қазір мамандар аталған ақуыздардың белсенділігін тежеу арқылы стандартты емнің тиімділігін арттыру мүмкіндігін тексеріп жатыр. Егер бұл тәсілдің нәтижелілігі алдағы зерттеулерде дәлелденсе, ол қуық обырына шалдыққан науқастарды емдеудің қосымша мүмкіндіктерін ашуы мүмкін.
Алайда Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоурологі Жанқуат Көбеев зерттеу әзірге клиникаға дейінгі кезеңде екенін ескертті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған тәсілдің тиімділігі әлі толық тексерілген жоқ. Сондықтан оны медициналық тәжірибеге енгізу туралы айтуға ерте.
Сонымен қатар қазақстандық ғалымдар ісік тінінен арнайы үлгі алмай-ақ, зәр талдауы арқылы қатерлі ісіктің ерекшеліктерін анықтау мүмкіндігін де зерттеуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі болашақта ауруды зерттеу мен емдеу тәсілдерін жетілдіруге ықпал етуі мүмкін.