«Өз елімізде босқын күйге түстік»: қандастар ел билігінен көмек сұрады
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында бір топ қандас Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Олар биыл енгізілген пилоттық жоба салдарынан шетелден тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың азаматтық ала алмай қиналып жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы қазақстандық қоғам белсендісі, «Тәуекел» (TAUEKEL) қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бурахан Дақанов әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бурахан Дақановтың айтуынша, бұл – қандастардың бір бөлігі.
«Олар біз көшірген, біз көмектескен қандастардың бір бөлігі. Бәрінің визалары таусылуға шақ тұр. Бәрі бір бір үй сатып алған алдарында аз паз малы, балалары сонда оқиды. Дегенмен, егер жақын арада үкімет қандастарды құжаттандыру мәселесін бір жақты етпесе – бұлардың бәрі кері қайтуға мәжбүр…», – деп жазды ол.
Үндеу жасаған азаматтардың айтуынша, мәселе тек Солтүстік Қазақстан облысына ғана қатысты емес. Олардың сөзінше, еліміздің әр өңірінде Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген мыңдаған қандас бар.
«Бейбіт заманда қазақ босқын күйге түсті»
Үндеу авторлары үш министрліктің бірлескен пилоттық жобасы азаматтық алу рәсімін қиындатқанын алға тартады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, біз сізге қандастар атынан үндеу жолдаймыз. Биыл үш министрліктің бірлесіп шығарған пилоттық жобасының кесірінен шетелден келген ұлты қазақ қандастарымыз азаматтық ала алмай қиналып жатыр», – дейді үндеу жасаған азаматтардың бірі.
Оның айтуынша, Айыртау ауданына көшіп келген қандастардың арасында да азаматтық мәселесін шеше алмай жүргендер бар.
«Тек Солтүстік Қазақстан облысында емес, бүкіл Қазақстанда мыңдаған ұлты қазақ қандас азаматтық ала алмай жүр. Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда қазақ босқын күйге түсті», – деді ол.
«Үйін, малын сатып, Қазақстанға көшіп келген»
Қандастардың сөзінше, тарихи отанына оралған отбасылардың бірқатары бұрын тұрған елдеріндегі баспанасы мен мал-мүлкін сатып, Қазақстанға біржола қоныс аударған, алайда елге келгеннен кейін азаматтық алу мәселесі олардың тұрмысын қиындатқан.
«Бұл кісілер бұрын тұрған жеріндегі үйін, малын, қора-жайын – бәрін сатып, Қазақстанға көшіп келген, бірақ осында келгеннен кейін азаматтық ала алмай, өте қиналып жатыр», – дейді үндеу авторы.
Ол азаматтықтың болмауы қандастардың елге орнығып, жаңа өмір бастауына кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
Қандастар Президенттен не сұрады
Үндеу жасаған азаматтар Мемлекет басшысынан азаматтық алу мәселесін қайта қарауды және тиісті құқықтық өзгерістер қабылдауды сұрады. Олардың басты өтініші – тарихи отанына оралған этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығын алу мүмкіндігін жеңілдету.
«Жаңа жылда жаңа заң жобалары мақұлданып, қабылданып, қандастарымызға азаматтық ертерек берілсе екен деген тілектеміз. Бұл кісілер Қазақстаннан басқа ештеңе сұрап отырған жоқ. Тек азаматтық берсеңіз болғаны. Қалған тіршілігін өздері түзеп, барлық қиындықты еңсеріп кететініне сенеміз», – деді ол.
Үндеу соңында қандастар азаматтық ала алмай жүрген адамдардың мәселесін созбай шешуді өтінді.
«Қиналып жүрген қандастарымызды әрі қарай қинай бермей, ертерек азаматтық берулеріңізді сұраймыз», – деп түйіндеді үндеу авторы.
Жаңа тәртіп туралы
Еске салсақ, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкіметтің 2025 жылғы желтоқсанда қабылдаған 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірген болатын.
Аида Балаеваның сөзінше, 2026 жылы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді. Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін арнайы тәртіп бар.
«Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстар Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады», – деп түсіндірді Аида Балаева.
Сонымен қатар, балама жол да бар. Яғни, мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу. Бұл жағдайда өңірді өз қалауыңызша таңдай аласыз.