«Түрік киносы күндері»: Астанаға «Шүкір», «Ертұғырыл» сериалдарының актерлері келеді

Астанада 26-30 қараша аралығында «Түрік киносы күндері» өтеді. Бес күнге созылатын мәдени іс-шара аясында қазақстандық көрермендер түрік кинематографиясының алты туындысын тегін тамашалап, танымал актерлермен кездесуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астанаға қандай түрік актерлері келеді
Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған іс-шараны «Yerli Düşünce» («Ұлттық таным») қауымдастығы Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасы мен Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Түрік киносы күндерінің салтанатты ашылуына Түркия Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен мен Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджудың қатысуы күтіледі. Сондай-ақ қазақстандық көрермендерге танымал түрік актерлері Рыза Коджаоглу, Илай Еркөк және Сезгин Ердемир елордаға келеді.
Рыза Коджаоглу «Шұңқыр» (Çukur), «Тағдыр жалыны» (Alev Alev) және «Қилы күндер» (Karadayı) телехикаяларындағы рөлдерімен танымал. Ал Илай Еркөк «Жүректегі күз» (Hercai) телехикаясына түскен. Сезгин Ердемир қазақстандық көрерменге «Қайта оралу: Ертұғырыл» (Diriliş: Ertuğrul) және «Осман» (Kuruluş: Osman) тарихи телехикаялары арқылы белгілі.

Бұдан бөлек, режиссерлер Али Өзел, Угур Йаджыоглу, Айдын Сарман және сценарист Пынар Йаджыоглу да қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, көрермендермен жүздеседі.
Кино күндері «Diğerkam» («Өзгенің игілігі үшін») қысқаметражды фильмінің көрсетілімімен ашылады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл туынды қараша айында Түркияда өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған COP31 саммитінде ұсынылған бес экологиялық фильмнің бірі болған.
Фильмнің сценарийін Пынар Йаджыоглу жазған, режиссері – Угур Йаджыоглу. Басты рөлдерді Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдайды. Картинада адам мен табиғат арасындағы байланыс, сондай-ақ келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады. Түсірілім кезінде қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға, бір рет қолданылатын бұйымдардан бас тартуға және декорациялар мен костюмдерді қайта пайдалануға ерекше көңіл бөлінген.
Қандай фильмдер көрсетіледі және кіру ақысы қанша
26 қарашада көрермендерге Түркия атынан 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымына ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Бұтақсыз қалған ағаштай») драмасы көрсетіледі. Режиссері – Тунч Давут. Басты рөлдерде Фейяз Думан, Али Ипин және Селен Куртаран ойнайды. Көрсетілім сағат 19:30-да басталады. Жас шектеуі – 6+.
27 қарашада 14-ші Босфор кинофестивалінде бірнеше марапатқа ие болған «Beklenti» («Үміт») фильмі ұсынылады. Картина «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актриса» және FİYAB ұйымының «Үздік продюсер» марапаттарын жеңіп алған. Режиссері – Али Өзел. Фильмде Анадолының шалғай ауылында дәрігер әйелдің өлі табылуынан кейін өрбіген күдік пен түрлі қауесеттер баяндалады. Көрсетілім сағат 18:00-де басталады. Жас шектеуі – 18+.
28 қарашада Ибрахим Бүйүкак пен Емрах Агуш түсірген «Mutluyuz Mu?» («Бақыттымыз ба?») комедиясы көрсетіледі. Басты рөлдерді Ибрахим Бүйүкак пен Ясемин Сакаллыоглу сомдайды. Көрсетілім сағат 20:00-де басталады. Жас шектеуі – 6+.
29 қарашада балалар мен отбасылық көрерменге арналған «Rafadan Tayfa: Kapadokya» («Рафадан Тайфа: Каппадокия») анимациялық фильмі ұсынылады. Режиссер Исмаил Фидан түсірген туынды – Түркияда танымал «Rafadan Tayfa» анимациялық фильмдер топтамасының бесінші бөлімі. Көрсетілім сағат 16:00-де басталады. Жас ерекшелігі бойынша шектеу жоқ.
30 қарашада Түрік киносы күндері режиссер Йүксел Аксу түсірген «Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр») романтикалық фильмімен қорытындыланады. Оқиға 1950 жылдары Эгей теңізі жағалауындағы шағын қалашықта өрбиді. Картинада пошта қызметкері Османның сүйіктісі Гүлизарға қосылу жолындағы талпынысы суреттеледі. Басты рөлдерді Дениз Барут пен Озан Акбаба сомдайды. Көрсетілім сағат 18:00-де басталады. Жас шектеуі – 6+.
Маңыздысы – барлық көрсетілімге кіру тегін, алдын ала тіркелу қажет емес. Фильмдер қазақша субтитрмен ұсынылады. Ұйымдастырушылар көрермендерді әр туындының жас ерекшелігіне қатысты шектеулеріне назар аударуға шақырады.