Білім

Айына $8-20: мұғалімдер ChatGPT немесе DeepSeek ақылы қызметін қолдануға міндетті ме

Оқу-ағарту министрлігінің биылғы “ноу-хауының” бірі – оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын пайдалануға рұқсат бергенінде. Алайда оның ақылы қызметін кім төлейді? Tizgin.kz порталы бұл сұрақтың жауабын білу үшін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевке ресми сауал жолдады.

Министр биыл жаңа оқу жылында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізілетінін айтқан еді. Біз өз сұрағымызда қандай пәндер жасанды интеллекттің көмегімен оқытылатынын, Қазақстанның мұғалімдері жасанды интеллекті пайдаланған кезде қай технологиямен жұмыс істейтінін (АҚШ-тың ChatGPT қызметін бе, әлде Қытайдың DeepSeek технологиясын ба) білмек едік. АҚШ-тың ChatGPT қызметі ақылы (айына 20 доллар – 12 мың теңгеден асады), ал Қытайдың DeepSeek Pro қызметі 8 доллар (4 мың теңгеден асады) екені белгілі.

“Бұл соманы мектеп әкімшілік төлей ме, әлде мұғалімнің өз қалтасынан төлене ме?” – деп сұралды министрліктен.

Бұлай дейтініміз, егер фото немесе видео жасалуы керек болса, жасанды интеллект технологияларының ақылы қызметі ғана бұл істі атқара алады. 

МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАУАБЫ

Ведомствоның жауабы жұтаң. Тек білім беру ұйымдарына арналған «2025-2026 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатта жасанды интеллектті (ЖИ) оқу процесіне енгізу бойынша ұсынымдар берілгені жазылған.

“ЖИ пайдалануға байланысты этикалық қағидаттар, рұқсат етілетін қолдану формалары, академиялық адалдықты сақтау алгоритмдері мен бұзушылықтарды қарау механизмдері қамтылатын мектепішілік саясатты әзірлеу; ЖИ-ді оқу процесіне кіріктіру жолдары. Қазіргі білім беруде ЖИ оқу мақсаттарына жету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. ЖИ педагогке оқыту әдістерін түрлендіруге, оқытуды дараландыруды күшейтуге және білім алушылардың сыни ойлау, шығармашылық және жауапкершілік дағдыларын дамытуға көмектесетін құрал ретінде қарастырылуы мүмкін. ЖИ технологияларын барлық оқу пәндерін оқыту барысында қолдануға болады”, – деп жалпы түсініктеме беріп кеткен министрлік.

Министрлік ЖИ технологияларын пайдалану тек – ұсыным екенін жазғанына қарағанда мұғалімдерге оның ақылы қызметін пайдалану міндетті емес болса керек.

Back to top button