Мобильді байланыс тарифтері қымбаттайды
Келер жылы Beeline тарифтерді орта есеппен 10%-ға, Kcell 10-12%-ға көтеруді көздесе, «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы жекелеген тарифтер бойынша бағаны 10-15%-ға өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бес жыл сайын жаңарту қажет»
Бұл туралы оператор өкілдері үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді. Жалпы, елдегі мобильді операторлар тариф құнын қайта қарауы мүмкін. Қар-Тел» ЖШС бас атқарушы директоры Джаббор Каюмов Beeline тарифтерінің қымбаттауы инфляция деңгейінен аспайтынын алға тартты. Баға барлық абонент үшін бір мезетте өзгермейтін көрінеді. Тарифтер кезең-кезеңімен қайта қаралмақ.
«Кез келген абонент немесе отбасы үшін шығынның өсуі сезімтал мәселе екенін түсінеміз. Алайда телекоммуникация саласы көп капиталды керек етеді. Операторлардың соңғы жылдардағы күрделі шығындары табысының орта есеппен 20%-ына жетеді. Желіні дамыту үшін жабдықтарды шамамен бес жыл сайын жаңартып отыру орынды», – Джаббор Каюмов.
Ол Beeline тарифтерін орта есеппен 10%-ға көтеруді жоспарлап отырғанын алға тартты. Бұл өзгеріс абоненттерге бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Бір абоненттің тарифі жылына бір рет қана қымбаттайтын көрінеді.
Кселл қаншаға қымбаттайды
Ал «Кселл» АҚ басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин компания да тарифтерді түзететінін айтты. Оның мәліметінше, соңғы төрт жылда компанияға 468 млрд теңге инвестиция салынған. Үш жыл бұрын желіде 5 мың базалық станса болса, қазір олардың саны 11 мыңға жуықтаған.
«Біз де инвестициялық белсенділігімізге қарай тариф құнын өзгертеміз. Электр энергиясының бағасы, жабдықтарға жұмсалатын шығындар да қымбаттап жатыр. Сондықтан тарифтік жоспарлар құнын нарықтағы жағдайға қарай түзету қажет. Орта есеппен өсім 10-12% шегінде болады», – деді Асқар Жамбакин.
Оның сөзінше, соңғы үш жыл ішінде 4G желісіне 5 мыңға жуық, 5G желісіне шамамен 3 мың базалық станса орнатылған. Қазір Қазақстан халқының 95%-ға жуығы 4G, ал 64%-ы 5G желісімен қамтылған.
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС басқарма төрағасы Александр Бабичев те тарифтер өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармады. Айтуынша, келер жылы жекелеген тарифтік жоспарлар бағасы 10%-дан 15%-ға дейін көтерілуі мүмкін.