ЖаңалықтарҚоғам

«Қазақ тілін білмегендер – мал» деген жоқпын: Қуат Хамитов даулы сөзіне түсініктеме берді

Қазақстандық спортшы, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен қазақ тіліне қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Ол сөзді досыма әзіл ретінде айттым»

Қуат Хамитов сұхбат барысында дауға себеп болған әңгіменің қалай басталғанын баяндады. Оның сөзінше, барлығы Нұрберген есімді танысымен тікелей эфирде сөйлескен кезде болған.

«Нұрберген екеуміз тікелей эфирде отырдық. Бір кезде әңгіме тіл мәселесіне ауысты. Мен оған: “Нұрберген, сен мектепте оқымадың ба? Таиландқа барасың, бірақ адамдармен орысша да, ағылшынша да сөйлесе алмайсың. Мен ауылдан келдім. Алтыншы-жетінші сыныпта-ақ орысша сөйлеп, адамдармен еркін қарым-қатынас жасай алатынмын”дедім», – деп түсіндірді ол.

Хамитовтың айтуынша, ол әңгіме барысында досына қарата дөрекі сөздер қолданғанымен, мұны әзіл ретінде айтқан.

«Мен Нұрбергенге “Орыс тілін білмейтін малсың” дедім. Ол әзіл ретінде айтылған сөз еді. “35 жасқа келдің, кішкентай балалардың өзі бірнеше тілде сөйлейді. Қазір балаларымыз ағылшынша, қытайша сөйлеп жүр. Ал сен орыс тілін де білмейсің, болашағың жоқ” деп айттым. Мен мұндай сөзді өз досыма айта аламын. Бұл нақты Нұрбергенге бағытталған сөз болатын», – деді спортшы.

Оның сөзінше, кейін осы әңгіменің белгілі бір бөлігі қиылып алынып, бастапқы мағынасы өзгертілген.

«Екі бөлек видеоны біріктіріп, көпшілікті сендірген»

Қуат Хамитов тіл үйренудің маңызы туралы айтқан тағы бір видеосының да дауға қатысы бар екенін жеткізді. Ол онда жастарды шет тілдерін меңгеруге шақырғанын айтты.

«Мен екінші видеода: “Жігіттер, ертең өмірлеріңнің қалай өзгеретінін білмейсіңдер. Мүмкін, шетелге кетерсіңдер. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтар жүр. Америкада, Кореяда, Ресейде жұмыс істеп, такси жүргізіп жүргендер бар. Отбасыларыңды асырау үшін қайда баруға тура келетінін білмейсіңдер. Сондықтан тіл білу ешқашан артық болмайды” деп айттым», – деді ол.

Спортшы мемлекет азаматтардың білім алуына қаржы бөліп отырғанын да сөз еткенін атап өтті. Алайда оның айтуынша, бұл пікірлері де басқа әңгімемен байланыстырылып, жұртшылыққа бұрмаланған түрде ұсынылған.

«Мемлекет сендер білім алсын, тіл үйренсін деп ақша бөліп жатыр. Ал сендер оны меңгермей жүрсіңдер деп айттым. Одан кейін басқа тақырып басталды. “Ертең не күтіп тұрғанын білмейсіңдер. Мүмкін, шетелге кетерсіңдер, сол кезде тіл білу қажет болады” дедім. Ал олар осының орнына “Қазақ тілін білмеген – мал” деген сөзді қосқан. Екі бөлек әңгімені біріктіріп, таратып жіберген. Көпшілік соған сеніп қалды», – деді Қуат Хамитов.

Back to top button