TOP-2

Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартады

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін ескірген 3G байланыс технологиясынан толық бас тартып, мобильді байланыс желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

5G желісі 300 ауылға тартылады

Министрдің айтуынша, елдегі ескірген 3G базалық станциялары 4G технологиясына ауыстырылып, бесінші буындағы мобильді байланыс желісінің қамту аясы кеңейтіледі. Бұл шаралар қалалармен қатар ауылдық елді мекендерде де жоғары жылдамдықтағы интернеттің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Министрліктің жоспарына сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін:
– 5 291 ауыл 4G желісімен қамтылады;
– 70 қала мен 300 ауылда 5G желісі қолжетімді болады;
– елдегі ауылдардың 92 пайызы мобильді интернетпен қамтылады.

Телекоммуникацияға 1,3 трлн теңге инвестиция салынады

Алдағы үш жылда Қазақстанның телекоммуникация саласын дамытуға 1,3 трлн теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр. Қаражат байланыс инфрақұрылымын жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және мобильді интернеттің қамту аясын кеңейтуге бағытталмақ.

3G технологиясынан толық бас тарту және жаңа буындағы байланыс желілеріне көшу елдегі интернет сапасын жақсартуға, сондай-ақ қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға мүмкіндік бермек.

Back to top button