Жаңалықтар

Иранда хиджабсыз ән айтқан әншіге 74 рет дүре соғылды

Иранда хиджабсыз концерт өткізген әнші Парасту Ахмади мен оның шығармашылық ұжымының төрт мүшесіне қатысты сот үкімі орындалды. Олар “қоғамдық мораль нормаларын бұзды” деген айыппен 74 рет дүре соғу жазасына кесілген, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Еуроньюске басылымына сілтеме жасап.

Миллиондаған адам көрген концерт

2024 жылы Парасту Ахмадиге хиджабсыз өнер көрсетіп, концертін тікелей эфирде таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Концерт көрермендердің қатысуынсыз өткен. Алайда әншінің YouTube арнасында таратылған бейнежазбаны миллиондаған адам көрген.

Иранның Құм қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі сот музыканттарды «интернетте әдепсіз әрі моральға жат контент әзірлеу және тарату арқылы қоғамдық мораль нормаларын бұзды» деп айыптаған. Сот концерттік ұжымның тоғыз мүшесінің әрқайсысына 74 рет дүре соғу жазасын тағайындаған. Сонымен қатар олардың екі жыл бойы елден шығуына және шығармашылық қызметпен айналысуына тыйым салынған.

Құқық қорғаушылардың үндеуіне қарамастан үкім орындалды

Маусым айында Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Иран билігін сот үкімінің күшін жоюға шақырған. Ұйым дүре соғуды «қатыгез, адамгершілікке жат және адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза» деп бағалап, оның азаптауға және өзге де қатыгез қарым-қатынас түрлеріне салынған абсолютті тыйымды бұзатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ құқық қорғаушылар Тегеранды хиджабты міндетті түрде кию талабын және дене жазасын жоюға, пікір білдіру бостандығы үшін қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырған. Алайда 2026 жылдың қыркүйегінде апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. 23 қарашада әншінің адвокаты Парасту Ахмади мен оның шығармашылық ұжымының төрт мүшесіне қатысты дүре соғу жазасының орындалғанын хабарлады.

Back to top button