Путин келген күні Тәжікстан Халықаралық қылмыстық соттан шығатынын жариялады
Тәжікстан билігі Халықаралық қылмыстық соттан (ХҚС) шығу туралы Біріккен Ұлттар Ұйымына ресми хабарлама жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тәжікстан Халықаралық қылмыстық соттың қызметін реттейтін Рим статутына 1998 жылы қол қойып, 2000 жылы оны ратификациялаған. Алайда биыл қазан айының басында ел парламенті аталған халықаралық келісімнен шығуды қолдады. Осыдан кейін Душанбе тиісті құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымына жолдаған. БҰҰ-ның депозитарийі ресми хабарламаны 2026 жылы 20 қарашада тіркеді. Рим статутының 127-бабына сәйкес, келісімнен шығу туралы шешім хабарлама алынған күннен бастап бір жылдан кейін күшіне енеді. Демек, Тәжікстан 2027 жылы 20 қарашада Халықаралық қылмыстық соттың қатысушы мемлекеті болудан қалады.
Тәжікстанның сыртқы істер министрі Идибек Каландар парламентте бұл шешімнің себептерін түсіндіріп, Халықаралық қылмыстық соттың қызметіне қатысты қалыптасқан жағдайға назар аударған. Оның айтуынша, аталған сот мемлекетаралық дауларды шешуде «саяси қысым көрсету құралына» айналған. Дегенмен министр өз сөзінде Ресей президенті Владимир Путиннің есімін тікелей атамаған. «Азаттық радиосының» тәжік қызметі – Радио Озоди бұл шешімнің Путинге берілген тұтқындау ордерімен байланысты болуы мүмкін екеніне назар аударған.
Путиннің сапарлары және Тәжікстанға айтылған сын
Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылғы наурызда Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Ол Украинадағы оккупацияланған аумақтардан балаларды заңсыз депортациялау және күштеп көшіру қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Рим статутына қосылған мемлекеттер сотпен ынтымақтасуға және тиісті ордерлерді орындауға міндетті. Алайда Путин 2025 жылғы қазанда және 2026 жылғы қарашада Душанбеге барған кезде Тәжікстан билігі оны тұтқындаған жоқ.
Бұл жағдай Еуропалық одақтың сынына ұшырады. ЕО Тәжікстанның халықаралық міндеттемелерін орындамағанына өкініш білдіріп, Ресей президентін қайта қабылдау туралы шешімді айыптады. Еуроодақ мәлімдемесінде Путиннің Украина аумағынан балаларды заңсыз депортациялау және көшіру әрекеттеріне байланысты Халықаралық қылмыстық сот іздеуінде екені атап өтілген.
Айта кетейік, Халықаралық қылмыстық соттан шығу мәселесі бұған дейін Венгрияда да көтерілген. 2025 жылдың көктемінде Виктор Орбан билігі кезінде Будапешт соттан шығу процесін бастаған болатын. Алайда «Настоящее Время» басылымының мәліметінше, Петер Мадьяр билікке келгеннен кейін Венгрия парламенті бұл шешімнің күшін жойған.