Статистикаға сәйкес, жалдамалы қызметкерлердің 3,3%-ы айына 1 миллион теңгеден астам табыс табады, ал 6,1%-ы, яғни 210,6 мың адам, айына 100 мың теңгеден төмен жалақы алады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ratel.kz-ке сілтеме жасап.
АУЫЛДАҒЫ ЖАЛАҚЫ ТӨМЕН
Ranking.kz порталының мәліметінше, елде жоғары жалақы алатын қызметкерлер негізінен қаржы, сақтандыру және ақпараттық технологиялар саласында шоғырланған. Ал ең төменгі еңбекақы әкімшілік-қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында тіркеліп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда экономикалық теңсіздік мәселесі соңғы жылдары жақсара қойған жоқ. Бұған халықтың ең кедей 10%-ы мен ең бай 10%-ының табыс қатынасы көрсеткішінің статистикасы дәлел: 2019 жылдан 2023 жылға дейін бұл айырмашылық 5,9–6 есені құраса, 2024 жылы 6,2 есеге дейін жетіп, рекорд жаңартқан.
КЕЙБІРІ 85 МЫҢ МЫҢ ТЕҢГЕНІ ДЕ АЛМАЙДЫ
Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) халықтың табысын децильдік топтарға бөліп есептейді. Бұл топтардың ішіндегі ең төменгі табысы бар алғашқы 10%-дан бөлек, тағы да кемінде төрт топты шартты түрде кедей санатына жатқызуға болады. Себебі бұл топтардағы жан басына шаққандағы орташа табыс 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақыдан да аз. Жалпы алғанда, халықтың жартысына жуығы елдегі жиынтық табыстың небәрі 30,2%-ын ғана иеленіп отыр.
ҰСБ дерегінше, 2023 жылы 1 млн теңгеден жоғары жалақы алған қазақстандықтардың үлесі 3,3% болды – бұл 112,1 мың адам. Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алғандар бұдан 5 есе көп – 210,6 мың адам, немесе жалдап жұмыс істейтіндердің 6,1%-ы, – делінген зерттеуде.
Өткен жылы ең көп қызметкері бар санаттар – 100–200 мың теңге жалақы алатындар (23,9%) мен 200–300 мың теңге аралығында табыс табатындар (23,2%) болған.
ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ ҚАЙ САЛАДА
Бір миллион теңгеден жоғары жалақы негізінен жоғары номиналды табыс көрсеткіштері бар салаларда тіркелген. Атап айтқанда:
1) Қаржы және сақтандыру саласында – қызметкерлердің 13,9%-ы,
2) Ақпарат және байланыс секторында – 12,6%-ы,
3) Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметпен айналысатын компанияларда – 10,1%-ы мұндай жоғары жалақы алған.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлердің ішінде 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындар өте аз – небәрі 0,7%.