Журналистің микрофонын тартып алып, операторды таспен қуған: Астанада кәсіпкер жазаланды
Астанадағы наубайханалардың бірінде түсірілім жүргізген «Жетінші арна» тілшілері мен кәсіпкер арасында жанжал шықты. Сот нәтижесінде кәсіпкер де, оператор да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Наубайханадағы түсірілім жанжалға ұласты
Оқиға 12 қарашада Астанадағы наубайханалардың бірінде болған. «Жетінші арна» қызметкерлері кәсіпорындағы санитарлық талаптардың сақталуына қатысты материал әзірлеп жүрген, алайда түсірілім барысында кәсіпкер мен журналистер арасында келіспеушілік туындап, арты жанжалға ұласқан.
Сот анықтағандай, кәсіпкер журналистің қолындағы микрофонды тартып алып, операторды қолына тас ұстап қуған. Ал оператор микрофонды қайтарып алуға әрекеттенген кезде жанжалға қатысқан әйел жерге құлаған. Сонымен қатар, телеарна мәліметінше, кәсіпкер автокөлігімен оператордың жанында қауіпті маневр жасаған.
Кәсіпкер мен операторға 86 500 теңгеден айыппұл салынды
13 қарашада сот кәсіпкерді Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот отырысында кәсіпкер өз кінәсін мойындап, журналист пен операторға қатысты шағымы жоқ екенін жеткізді.