Енді салық төлеу мерзімі таяса, телефонға ескерту келеді
Елдегі азаматтарға салық төлеу мерзімінің жақындағаны туралы push-хабарламалар арқылы ескерту жіберілмек. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Цифрландыру департаментінің IT-менеджмент басқармасының басшысы Айнара Рахметова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Хабарламалар қалай келеді
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді маңызды мерзімдер мен салыққа қатысты өзгерістер туралы алдын ала хабардар ететін жаңа жүйе әзірлеп жатыр. Жоспар бойынша азаматтардың телефонына push-хабарламалар жіберіледі.
«Алдағы міндеттердің бірі – салыққа қатысты маңызды оқиғалар туралы push-хабарламалар жіберу. Біз салық төлеушілерді дер кезінде хабардар еткіміз келеді», – деді Айнара Рахметова комитеттің Instagram парақшасында.
Push-хабарламалардың ерекшелігі – азаматтың телефонына тиісті қосымша немесе сайт ашық тұрмаған кезде де ескерту келуі мүмкін. Алайда жаңа қызметтің нақты қашан іске қосылатыны әзірге айтылған жоқ.
Бұдан бөлек, ведомство жеке кәсіпкерлерге арналған қызметтерді жеңілдетуді көздеп отыр. Қазір азаматтың жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін немесе бұрын тіркеуде болғанын растайтын анықтаманы алу үшін 10-15 жұмыс күні қажет. Ал жаңа жүйе енгізілгеннен кейін мұндай құжатты Салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн алу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Салық есептілігін тапсыру жеңілдетіледі
Мемлекеттік кірістер комитеті салық есептілігін толтыруға кететін уақытты қысқартуды да жоспарлап отыр. Атап айтқанда, қажетті мәліметтері алдын ала енгізілетін есептілік нысандарының саны көбейтілмек. Ведомство 2027 жылдан бастап мұндай мүмкіндікті 910-нысанға да енгізуді көздейді.
Сонымен қатар Салық төлеушінің кабинетінде бұрын тапсырылған есептілікпен жұмыс істеу мүмкіндіктері кеңейіп жатыр. Қазір пайдаланушылар есептілік нысандарын жүктеп, өңдей алады және тиісті өтініштерін жолдай алады. Комитет өкілінің айтуынша, бұл қызметті 90 мыңнан астам салық төлеуші пайдаланған.
Тағы бір жаңашылдық еңбекақы төлеу қорына қатысты салықтар мен міндетті төлемдерді есептеуге байланысты. Мемлекеттік кірістер комитеті 200-нысан бойынша тиісті төлемдерді бір рет басу арқылы автоматты түрде есептеуге мүмкіндік беретін құрал әзірлеп жатыр.
Еске салсақ, елде аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдері қайта қаралатыны жайлы хабарлағанбыз.