Жаңалықтар

66 күнде 1,5 миллион кітап: «Талапты оқырман» белгісінің алғашқы иегерлері анықталды

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны 66-күнге жетті. Осы уақыт ішінде қатысушылар 1,5 миллионнан астам кітап оқыды. Қазір қатысушылар марафонның бесінші кітабын аяқтап, алтыншы кітапқа кірісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көшбасшылар – оқушылар мен педагогтар. Марафонның ең белсенді қатысушылары – оқушылар мен мұғалімдер. Оқушылар 600 мыңнан астам, педагогтар 400 мыңнан астам кітап оқыды. Бұл барлығы бір миллионнан астам кітап, яғни оқылған кітаптардың жалпы санының үштен екісі.

Әр бес кітап үшін – айрықша белгі. Қатысушылар үшін басты жаңалық: ұйымдастырушылар марафонның бүкіл барысында оқуға деген қызығушылықты сақтау үшін айрықша белгілер жүйесін енгізді. Бес кітап оқыған әрбір қатысушы «Талапты оқырман» қола белгісін алды. Қатысушының жеке кабинетінде осы нәтижені растайтын сертификатты жүктеп алуға болды.

Кейінгі марапаттар оқылған кітаптар санына қарай арта түседі. 10 кітап күміс белгі – «Жігерлі оқырман». 15 кітап алтын белгі — «Зерделі оқырман». Қола белгі алғандардың қатарында Қарағанды және Түркістан облыстарынан «Кітап оқитын педагог» бағытының қатысушылары бар. Екеуі де бес кітап оқып, ең жоғары 1750 ұпай жинады.

«Мұғалімнің өзі кітап оқыса, балалар мұны көреді. Оқушыларым қазір қандай кітап оқып жүргенімді сұрап, өз кітаптарын әкеледі. Қола белгі — күміс белгіге жетуге жақсы ынталандыру», – дейді Қарағанды облысы, Теміртау қаласының тумасы, «Бірінші Теміртау классикалық лицейінің» бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Владимировна Мининкова.

Түркістан облысы, Созақ ауданының тұрғыны, Ы. Алтынсарин атындағы мектептің география пәні мұғалімі Сәуле Тұрарқызы Ерманова да пікірімімен бөлісті.

«Күнделікті жұмыста кітап оқуға әрдайым уақыт таба бермейсің. Марафон оны әдетке айналдыруға көмектесті. Мен қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқимын, ал география сабақтары кітаптардан алынған жаңа мысалдармен күшейе түсті», – дейді ол.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button