Жаңалықтар

Ван Гогтың өмірінің соңында салған картинасы рекордтық бағаға сатылды

Нидерланд суретшісі Винсент Ван Гогтың «Гүлдеген каштан ағаштары» (Châtaigniers en fleurs) картинасы Нью-Йорктегі Sotheby’s аукционында 190,4 миллион долларға сатылды. Бұл – суретшінің аукционда сатылған туындылары арасындағы ең жоғары баға. Алайда картинаны саудаға шығару алдында оның бұрынғы иелерінің мұрагерлері арасында дау туындаған, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС-ге сітлеме жасап. 

Ван Гогтың картинасы рекордтық бағаға сатылды

18 қарашада Нью-Йоркте өткен Sotheby’s аукционында Винсент Ван Гогтың 1890 жылы салған «Гүлдеген каштан ағаштары» картинасы 190,4 миллион долларға сатылды. Бұл сомаға аукциондық комиссиялар да кіреді. Осылайша, туынды Ван Гогтың аукционда ең қымбат сатылған картинасы атанды. Сонымен қатар ол Sotheby’s аукцион үйінің тарихындағы ең қымбат туындылардың бірі ретінде тіркелді.

Бұған дейін Ван Гог шығармалары арасындағы аукциондық рекорд 2022 жылы сатылған «Кипарис ағаштары бар бақ» (Orchard with Cypresses) картинасына тиесілі болған. Ол 117,2 миллион долларға бағаланған еді. Жаңа сатылым бұл көрсеткіштен 73 миллион доллардан астам сомаға асып түсті.

Sotheby’s аукцион үйінің тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі австриялық суретші Густав Климттің «Элизабет Ледерердің портреті» туындысына тиесілі. Ол 2025 жылы 236,4 миллион долларға сатылған. Ал әлемдегі ең қымбат сатылған картиналардың бірі – Леонардо да Винчиге телінетін «Әлемнің құтқарушысы» (Salvator Mundi). Бұл туынды 2017 жылы Christie’s аукционында 450,3 миллион долларға сатылған.

Суретші картинаны өмірінің соңғы айларында салған

Винсент Ван Гог «Гүлдеген каштан ағаштары» картинасын 1890 жылы Франциядағы Овер-сюр-Уаз ауылында салған. Бұл елді мекен Парижге жақын орналасқан. Суретші өмірінің соңғы екі айын осы ауылда өткізген. Аталған кезеңде ол табиғат көріністерін бейнелейтін бірқатар туынды жазған.

«Гүлдеген каштан ағаштары» картинасы да сол кезеңдегі шығармаларының бірі саналады. Құнды туынды аргентиналық өнер жанашырлары Карлос Блакье мен оның жұбайы Нелли Арьета жинаған әйгілі Блакье–Арьета коллекциясына енген.

Аукционға осы коллекциядан барлығы 12 шығарма ұсынылған. Сатылым алдында картиналар Лондон, Париж, Тайбэй, Гонконг және Нью-Йорк қалаларында көпшілік назарына ұсынылды. Көрмелерді шамамен 30 мың адам тамашалаған.

Картинаны сатуға мұрагерлер арасындағы дау кедергі келтіре жаздады

Рекордтық сатылымның алдында «Гүлдеген каштан ағаштары» картинасының меншік тарихына қатысты дау туындады. Туынды ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Германиядағы белгілі еврей баспагері Самуэль Фишердің меншігінде болған.

Фишердің мұрагерлері картинаның 1936 жылы нацистік қуғын-сүргін жағдайында сатылғанын алға тартып, оның аукционға шығарылуына қарсылық білдірді. Бұл мәселе Блакье–Арьета отбасының мұрагерлері мен Фишер ұрпақтары арасында талқыланды. Sotheby’s аукцион үйі тараптардың келісімге келгенін хабарлады. Соның нәтижесінде картинаны сатуға мүмкіндік туды.

Келісімнің қаржылық шарттары жарияланған жоқ. Осылайша, тарихи меншік құқығына байланысты дау реттелгеннен кейін Ван Гогтың туындысы аукционға шығарылып, рекордтық бағаға сатылды.

Айта кетейік, 1890 жылы дүниеден өткен Винсент Ван Гог көзі тірісінде кең танымал болмаған. Ал бүгінде оның картиналары әлемдік өнер нарығындағы ең жоғары бағаланатын туындылардың қатарына кіреді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button