Астанада жасөспірімдер оқушыны ұрып, оны видеоға түсірген: полиция тексеріс бастады
Астанада Abu Dhabi Plaza маңында бірнеше жасөспірімнің мектеп оқушысын ұрып-соғып, күртесі мен сөмкесін тартып алғаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаның куәгері балалардың бірі соққыға жығылып жатқанда, екіншісі оны телефонға түсіріп, үшіншісі күліп тұрғанын мәлімдеді. Аталған жағдайға байланысты полиция тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Біз доспыз, жай ғана ойнап жүрміз»: куәгер не көргенін айтып берді
Оқиға 18 қараша күні кешке елордадағы Abu Dhabi Plaza сауда кешенінің маңында болған. Бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде symbatth деген атаумен тіркелген қолданушы жазды.
Әйелдің айтуынша, сырт көзге шамамен 12–14 жастағы бірнеше жасөспірім бір баланы ұрып-соғып жатқан. Олардың бірі оқушыны қолымен және аяғымен ұрса, екіншісі болған жағдайды iPhone телефонына түсірген. Ал үшінші жасөспірім қасында тұрып күлген.
Куәгердің сөзінше, сол сәтте жәбірленген баланың күртесі мен рюкзагы шешіліп алынған. Мұны байқаған әйел әріптесімен бірге тоқтап, жасөспірімдерден баланы не себепті ұрып жатқанын және оның заттарын неге алғанын сұраған. Жасөспірімдер өздерінің сыныптас әрі дос екенін, ал болған жағдайдың жай ғана ойын екенін айтқан. Соққыға жығылған оқушы да олардың дос екенін айтып, мәселені өзара шешетіндерін жеткізген. Ол анасының телефон нөмірін беруден бас тартып, әйелдерден араласпауды сұраған.
Жасөспірімдер LRT-да әрекетін жалғастырған
Кейінірек әйел сол жасөспірімдерді LRT станциясында қайта кездестірген. Оның айтуынша, балалардың бірі әлгі оқушыны мойнынан ұстап, бірдеңе айтып тұрған. Мұны көрген әйел тағы да араласып, баланы қорлауды тоқтатуды талап еткен. Сондай-ақ оқиғаны телефонға түсірген жасөспірімнен видеоны өшіруді сұраған, бірақ ол жазбаны өшіруден бас тартып, достарын ертең бірге көріп, күлу үшін видеоға түсіргенін айтқан.
Куәгер мұндай әрекетті достық немесе әзіл деп қабылдауға болмайтынын ескерткен. Осыдан кейін жасөспірімдер лифт жаққа бет алған. Әйел LRT қызметкеріне болған жағдайды айтып, полиция шақыруды өтінген. Қызметкер балаларды тоқтатып, рация арқылы полиция шақыру қажеттігін хабарлаған, алайда жасөспірімдер келген пойызға мініп үлгерген.
Әйел де сол вагонға отырып, балаларға болған жағдайды ата-аналарына жеткізетінін айтқан. Келесі станцияда вагонға полиция инспекторы кірген. Куәгердің айтуынша, жасөспірімдер әйелдің үстінен шағымдана бастаған. Олардың бірі баланы ұрып-соққанын жоққа шығарған. Ал әйел полицейге бір жасөспірімнің оқушыны ұрып, тепкенін, екіншісінің оны видеоға түсіргенін, үшіншісінің күліп тұрғанын өз көзімен көргенін жеткізген. Сондай-ақ баланың күртесі мен рюкзагы алынғанын айтқан.
Бұл оқиғаның соңы немен аяқталғаны куәгерге белгісіз. Оның сөзінше, барлық жасөспірім «Театр» станциясында бірге түсіп қалған, ал өзі өз жолымен кеткен.
Полиция жасөспірімдердің кім екенін анықтап жатыр
Аталған жағдайға қатысты полиция тексеріс басталғанын хабарлады. Қазір оқиғаға қатысқан кәмелетке толмағандардың және олардың заңды өкілдерінің жеке басы анықталып жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша болған жағдайға құқықтық баға беріледі.
Егер қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері расталса, жасөспірімдердің ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Ал заңда көзделген негіздер болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Әзірге жасөспірімдердің әрекетіне қатысты түпкілікті құқықтық шешім қабылданған жоқ.