Қазақ күресі Азия ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін
Мұндай ұсыныс енгізілгенін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиң барысында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қанша ұлттық спорт түрі бар
Оның сөзінше, қазір елде 11 ұлттық спорт түрі бар. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлемнің 50-ден астам елінде федерациялар құрылған көрінеді.
«Жуырда Қазақстанға Азия Олимпиада кеңесінің бас хатшысы келеді. Біз қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу жөнінде өтініш бердік. Тоғызқұмалақ спорты да елімізде және халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді», – деді министр.
Тоғызқұмалаққа да басымдық беріледі
Министрдің сөзінше, аталған спорт түрінен әлем және Азия чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп жүр.
«Алдағы уақытта тоғызқұмалақты да халықаралық кешенді спорт жарыстарының бағдарламасына енгізуге күш саламыз», – деді Мырзабосынов.