Қазақстанда жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алу тәртібі өзгереді
Ел аумағында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған тұрғындарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем алу тәртібі өзгермек, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазан айында болған өзгеріс
Ведомство ақпаратына сәйкес, Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты сол, жұмыссыз жүрген азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына қолұшын созу. Жаңа тәртіпке сәйкес жұмысынан айырылған тұрғын әуелі мәнсап орталығына жүгінуі тиіс. Биыл 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылған болатын. Осы уақыт аралығында мәнсап орталығы өкілдері азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады.
Жұмыс іздеу жалғаса береді
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Айта кетерлік жайт, мәнсап орталығы бұдан кейін де жұмыс іздеуді жалғастырады. Қажет болса, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту ұсынылады.
Жұмыссыз мәртебесін алған соң әлеуметтік төлем тағайындауға өзіңізге ыңғайлы тәсілмен өтініш бере аласыз. Өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Ұялы телефоныңызға келген SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті де пайдалана аласыз, – делінген министрлік мәліметінде.
Одан бөлек, мәнсап орталығы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне барып, өтініш беруге болады.
Министрлік ескертіп жатыр
Келер жылдан бастап әлеуметтік төлем тұрғынның белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Оның төлену ұзақтығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және үш айдан аспайды. Ал төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды. Ескере кететін жайт, есепке алынатын орташа айлық табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Министрлік аталған төлемді бұрынғыдай міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларда ғана алуға мүмкіндік барын ескертті.