TOP-2Жаңалықтар

2035 жылы әлемде мұсылмандар саны христиандардан асып түседі – зерттеу

2035 жылға қарай Ислам әлемдегі ең көп ұстанушысы бар дінге айналуы мүмкін. Америкалық Pew Research Center зерттеу орталығының болжамынша, алдағы тоғыз жылда мұсылмандар саны 2,57 миллиардқа жетіп, христиандар санынан асып түседі. Бұған ең алдымен мұсылман отбасыларындағы бала табу көрсеткішінің жоғары болуы ықпал етеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Мұсылмандар саны неге жылдам өсіп жатыр

Вашингтонда орналасқан Pew Research Center зерттеу орталығы 18 қарашада әлемдегі діни топтардың демографиялық өзгерісіне қатысты болжамын жариялады. Зерттеушілердің есебінше, 2020 жылы дүниежүзінде 2,27 миллиард христиан және 2,02 миллиард мұсылман болған. Ал 2035 жылға қарай мұсылмандар саны 2,57 миллиардқа, христиандар саны 2,52 миллиардқа жетуі мүмкін. Осылайша исламды ұстанушылар саны христиандардан шамамен 50 миллион адамға артады.

Зерттеушілер мұндай өзгерістің басты себебін демографиялық ерекшеліктермен байланыстырады. Атап айтқанда, 2020–2025 жылдар аралығында бір мұсылман әйелге шаққандағы туу көрсеткіші орта есеппен 3,1 баланы, ал христиан әйелдер арасында 2,5 баланы құраған. Өзге діни топтарда бұл көрсеткіш 1,6 бала деңгейінде қалыптасқан. Бұл халық санының табиғи өсім арқылы тұрақты сақталуына қажетті 2,1 баладан төмен.

Мамандардың болжамынша, қазіргі демографиялық үрдіс сақталса, 2070 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны 3,6 миллиардтан асып, христиандар саны 3 миллиардқа жетпеуі мүмкін. Зерттеу барысында халықтың жас ерекшеліктері, туу көрсеткіші, діни сенімін өзгерту жағдайлары мен халықаралық көші-қон үрдістері ескерілген.

АҚШ-та христиандар халықтың басым бөлігін құрамауы мүмкін

Pew Research Center болжамы әлемдегі діни құрамның өзгерісі тек мұсылмандар санының артуымен шектелмейтінін көрсетеді. Алдағы онжылдықтарда АҚШ-та да христиан дінін ұстанушылардың үлесі төмендеуі ықтимал. Қазір елдегі ересек тұрғындардың 62 пайызы өзін христиан деп санайды. Алайда 2065 жылға қарай олардың үлесі 50 пайыздан төмен түсуі мүмкін. Бұл христиандардың АҚШ-тағы ересек халықтың басым бөлігін құраудан қалатынын білдіреді.

Еуропада да мұсылман қауымының саны едәуір. Германия ислам конференциясының мәліметінше, бүгінде елде шамамен 5,5 миллион мұсылман тұрады. Олардың 3 миллионға жуығы Германия азаматтығын алған.

Зерттеушілер әлемдегі діни құрамның өзгеруіне тек туу көрсеткіші ғана емес, халықтың қартаюы, көші-қон және діни ұстанымдардың ауысуы да әсер ететінін атап өтеді. Дегенмен жарияланған деректер нақты қалыптасқан жағдайды емес, қазіргі демографиялық үрдістерге негізделген болжамды сипаттайды. Сондықтан алдағы онжылдықтардағы нақты көрсеткіштер әлеуметтік және демографиялық өзгерістерге байланысты өзгеше болуы мүмкін.

Back to top button