Бір ана баласының бірінші сыныпқа баратынын қуана күтудің орнына, сыныптастарының ата-аналары оны қалай қабылдайтынына алаңдады. Екінші ана баласы үйден шығып кетіп, жоғалғанда жанұшыра іздеді. Үшінші ана ұлының кішкентай арманын орындаған полицейлерге алғыс айтты. Ал тағы бір отбасы ерекше баласына көмектесу үшін үнемі жаңа нәрсе үйреніп келеді. Қазақстандық аналардың әлеуметтік желіде бөліскен осы оқиғалары бір маңызды мәселені алға тартады: ерекше қажеттіліктері бар балаларға аяушылық емес, түсіністік пен құрмет қажет. Tizgin.kz қоғамдағы инклюзияның маңызын төрт отбасының оқиғасы арқылы баяндайды.
«Хабарламаны жазып отырып – жыладым»
Бірінші қыркүйек. Балалар үшін жаңа оқу жылының басталуы, алғашқы қоңырау, жаңа достар мен алғашқы ұстаз. Ата-аналар балаларының мектеп табалдырығын аттайтын сәтін асыға күтеді. Баласына мектеп формасын алып, сөмкесін дайындайды. Алғашқы сабаққа қажетті құралдарын түгендейді. Меруерт Мұқышеваның да баласы биыл бірінші сыныпқа барады. Оның есімі – Али. Бұл қуанышты күннің қарсаңында ананың жүрегін ерекше алаңдаушылық билеген.
Ол баласының сыныптастарының ата-аналары Алиді қалай қабылдайтынын білмеді. Біреулер қарсы бола ма? Біреулер баласының ерекше қажеттілігі бар екенін естіп, онымен бірге оқығанын қаламай ма?
Меруерт осы ойлардың бәрін ішіне сақтап, қатты уайымдағанын Threads әлеуметтік желісінде жазды.
«Аналық жүрегім қарс айырылып барады. Балам үшін бұрын-соңды дәл осылай уайымдамаған едім. Бірінші сыныпқа құжат тапсырғаннан кейін ата-аналар чатына қосылуды қорқынышпен күттім. Олардың сыныбында ерекше бала оқитынын қалай жеткізерімді білмедім. Жазып отырып жыладым. Ата-аналардың қолдау сөздерін оқығанда тағы жыладым. Өмірімдегі барлық уайымның ішінде дәл қазір ең ауыр сезімді бастан кешіп жатқандаймын», – дейді ана.
Ақыры ол ата-аналар чатына хабарлама жазуға шешім қабылдаған. Бұл жай ғана таныстыру емес еді. Бұл – ана жүрегіндегі қорқыныш пен үміттің қатар өрілген сәті.
«Құрметті ата-аналар! Бұл – әрбір ата-ана үшін толқынысқа толы кезең. Бір жағынан қуаныш сезінесің, екінші жағынан балаларыңның алдында жаңа міндеттер тұрғандықтан алаңдайсың. Мұны қай кезде айтқан дұрыс екенін білмеймін. Өзім де мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырмын. Сіздер менің және баламның жағдайымды түсінуге міндетті емес екендеріңізді білемін. Дәл қазір осы хабарламаны жазып отырып жылап отырмын. Біз бұл күнге ұзақ дайындалдық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Осы сыныпқа менің ерекше қажеттілігі бар балам барады. Оның есімі – Али», – деп бастады ол хабарламасын.
Меруерт сыныптағы ата-аналардың түсіністік танытатынына үміттенетінін жеткізген.
«Осы күндері сыныбымызда түсінігі мол ата-аналар кездессін деп тілеп жүрмін. Баламның сабаққа кедергі келтірмейтініне, басқа балаларды ренжітпейтініне сенімдімін. Соған қарамастан Али туралы сіздер басқа біреуден емес, өз анасынан білгендеріңізді дұрыс деп санадым. Ерекше балалар бөлек оқуы керек деп есептейтін ата-аналар бар екенін білемін. Бірақ біз педагогикалық комиссияның ұсынымдарын басшылыққа алып отырмыз және басқа балалар мен ата-аналардың құқықтарын бұзбаймыз. Барлық балаға мектепке тез әрі жеңіл бейімделуді тілеймін», – деп аяқтаған ол.

Ерекше баланың мектепке баруы – ешкімнен сұралатын артықшылық емес. Ол да басқа балалар сияқты білім алуға, достасуға, қоғам өміріне араласуға құқылы. Әрине, инклюзивті білім беру үшін тек жақсы ниет жеткіліксіз. Баланың қажеттілігіне қарай мамандардың көмегі, бейімделген оқу бағдарламасы, қолжетімді орта және мұғалімдерге тиісті қолдау қажет, бірақ осының бәрімен қатар тағы бір маңызды нәрсе бар. Ол – қабылдау мәдениеті.
«Балам жоғалып кеткенде жанұшыра іздедім»

Ерекше қажеттілігі бар баланың ата-анасы үшін кейде бірнеше минуттың өзі ұзақ уақыттай сезілуі мүмкін. Айжан Әмір әлеуметтік желіде ешқашан ұмытпайтын оқиғасын бөлісті. Оның аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар ұлы бір күні үйден өз бетінше шығып кеткен. Анасы баласының қайда екенін білмей, ауладағы барлық жерді іздей бастаған.
«Бүгін ешқашан ұмытпайтын жағдай болды. Аутизм спектрінің бұзылысы бар ерекше балам үйден өз бетімен шығып кетіпті. Абыржып, бүкіл ауланы шарлап іздедім. Қарауға болатын жердің бәрін қарадым. Бұл кез келген ана үшін нағыз қорқыныш еді», – деп жазды Айжан.
Ол баласын іздеп жүргенде күтпеген жерден телефон қоңырауы түскен. Астанадағы Мұхамедханов көшесі, 11/1 мекенжайында орналасқан Delish кафесінің қызметкерлері хабарласқан. Олар Айжаннан есімін сұрап, баласының сол жерде екенін айтқан. Анасы кафеге асығып жеткен. Ал барған кезде көрген көрінісі оны ерекше толқытқан. Баласы тыныш қана отыр екен. Алдында тәттілер, боямақ суреттер мен түрлі түсті қарындаштар жатыр. Қасында кафе қызметкері отырған. Ол баламен жайбарақат сөйлесіп, қарындаштарын ұштап беріп жатыр екен.
Айжанның айтуынша, қызметкерлер баланың қосымша қолдауға мұқтаж болуы мүмкін екенін байқап, онымен абайлап сөйлескен. Есімін және анасының атын біліп, байланыс деректері арқылы анасын тауып, хабарласқан.
«Қызметкерлердің адамгершілігіне, тапқырлығына және мейірімділігіне әлі күнге дейін таңғалып жүрмін. Мен қатты абыржып жүрген сәтте олар ерекше түсіністік пен жылулық танытты. Ерекше балаларға деген ұқыпты қарым-қатынастарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Енді Delish мен үшін жай ғана кафе емес, жүрегі кең адамдар жұмыс істейтін орын», – деп жазды ана.
Сол күні кафе қызметкерлері үлкен мінберден сөз сөйлеген жоқ. Инклюзия туралы арнайы сабақ та өткізген жоқ. Олар тек көмекке мұқтаж баланы байқап, оған қамқорлық көрсетті. Анасын іздеді. Баланы қауіпсіз жерде ұстауға тырысты. Осы қарапайым әрекеттер арқылы бір ананың қорқынышын сейілтуге көмектесті.
Бұл оқиға бір маңызды нәрсені көрсетеді. Ерекше балаларға қолдау көрсету тек дәрігердің, педагогтің немесе психологтің міндеті емес. Кейде қоғамдағы әрбір адамның ықыласы мен жауапты әрекеті маңызды рөл атқарады. Әсіресе баланың қауіпсіздігіне қатысты жағдайда сабыр сақтап, тиісті көмек көрсетудің маңызы зор.
«Полицияның көлігіне отырғысы келді»

Кейде бала үшін қарапайым көрінетін бір нәрсенің өзі ерекше қуаныш сыйлауы мүмкін. Мика Молдахметова әлеуметтік желіде ұлының полиция көлігіне отырғысы келгенін жазды, бірақ баласына бұл тілекті бірден орындау мүмкін болмағанын түсіндіру қиынға соққан.
«Ерекше балам бүгін полиция көлігіне мінгісі келді. Жол бойы жылады, жаяу жүргіншілер жолында жерге жатып алды. Айналамыздағы адамдардың бәрінің назарын аудардық. Жаным, кейде оған көп нәрсені түсіндіру сондай қиын», – деп бөлісті ана.
Оның жазбасынан баласының жағдайын түсінуге тырысқан ананың уайымы байқалады. Сырттай қарап тұрған адам баланың не себепті жылағанын түсінбеуі мүмкін. Біреу оны еркелік деп қабылдар. Біреу ата-анасына ескерту жасар. Ал шын мәнінде кейбір балалар үшін күтпеген өзгерісті қабылдау, қатты қалаған нәрсесін кейінге қалдыру немесе эмоциясын реттеу күрделі болуы мүмкін. Мика Молдахметова сол күні Астана полицейлерінің көрсеткен ықыласына ерекше риза болған. Ол әлеуметтік желіде тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.
«Астаналық полиция қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сіздер күн сайын қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандар ғана емес, жүрегі кең жандарсыздар. Сіздердің жанашырлықтарыңыз, мейірімділіктеріңіз бен балаларға деген ықыластарыңыз ерекше. Қызметтеріңізді атқарып қана қоймай, балаларға қуаныш сыйлауға, оларды қолдауға уақыт табасыздар. Адамгершіліктеріңіз бен балаларымызға сыйлаған шынайы қуаныштарыңыз үшін рақмет», – деп жазды ол.
Бұл оқиғадан тағы бір қарапайым шындықты көруге болады. Балаға қуаныш сыйлау үшін кейде көп нәрсе қажет емес. Оны тыңдау жеткілікті болуы мүмкін. Оның тілегіне құрметпен қарау жеткілікті. Ал айналасындағы адамдар ата-ананың қиналған сәтіне сырттай баға берудің орнына түсіністік танытса, бұл да үлкен қолдау.
«Әжеміз немересі үшін қайта оқып жүр»

Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеуде отбасының қолдауы маңызды орын алады, бірақ бұл қолдау тек баланың жанында болумен шектелмейді.Кейде ол жаңа білім алудан, өз көзқарасыңды өзгертуден, бұрын білмеген нәрсені үйренуден басталады. Әлина Раушан әлеуметтік желіде анасының немересіне деген қамқорлығы туралы жазды. Оның айтуынша, анасы мамандығы бойынша тәрбиеші. Немересінің қажеттіліктерін жақсырақ түсініп, онымен тиімді қарым-қатынас орнатуды үйрену үшін қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) бойынша арнайы курстан өткен. Ал биыл немересі бірінші сыныпқа барады. Әжесі тағы да жаңа білім алуға шешім қабылдаған. Бұл жолы ол тьютор болуды ұйғарған.
«Ерекше балаң болғанда отбасының қолдауының қаншалықты құнды екенін түсінесің. Анам мамандығы бойынша тәрбиеші. Ол баламды жақсырақ түсіну және онымен қалай қарым-қатынас жасау керегін үйрену үшін ABA терапиясы бойынша курстан өтті», – дейді Әлина.
Бірақ әженің білім алуы мұнымен тоқтамаған.
«Биыл балам бірінші сыныпқа барады. Анам тағы да жаңа нәрсе үйреніп жүр. Енді тьютор болуға шешім қабылдады. Бұл мен үшін өте әсерлі, өйткені ол жай ғана әже болып, немересінің жанында жүре беруіне болатын еді, бірақ ол әр жолы немересіне бұрынғыдан да үлкен тірек болу үшін жаңа нәрсені үйреніп келеді», – деп жазды Әлина Раушан.
Әженің бұл әрекеті – отбасы қолдауының бір үлгісі. Әрине, барлық әженің арнайы курс оқуға немесе тьютор болуға мүмкіндігі бола бермейді. Бұл отбасының міндеті де емес. Ерекше қажеттілігі бар балаларға кәсіби қолдау көрсету үшін білім беру және әлеуметтік қызмет жүйелері де жауапты. Дегенмен әженің немересін түсінуге деген талпынысы көп нәрсені аңғартады. Кейде үлкен махаббат «Мен сені жақсы көремін» деген сөзбен ғана емес, «Мен сені жақсырақ түсінгім келеді» деген әрекетпен көрінеді.
Ерекше балаларға аяушылық емес, құрмет қажет
Осы төрт оқиғаның әрқайсысы әртүрлі, бірақ осы оқиғаларды бір арнаға тоғыстыратын ортақ мәселе бар. Ол – ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғамда өздерін қауіпсіз, қабылданған және құрметке лайық сезінуі. Мұндай балалардың әрқайсысы – жеке тұлға. Олардың қажеттіліктері, қабілеттері, қызығушылықтары мен өмірлік жағдайлары әртүрлі, сондықтан оларды бір ғана ортақ сипатпен бағалауға болмайды.
Бір балаға мектепте қосымша қолдау қажет. Екіншісіне қоғамдық орында тыныш орта керек. Үшіншісі өзін сөзбен жеткізуге қиналуы мүмкін. Төртіншісі басқа балалар сияқты ойнап, достасып, өз бетінше әрекет ете алады. Олардың ешқайсысы қоғамның аяушылық нысаны болмауы тиіс.
Ерекше баланың ата-анасына да өзгеше көзқарас қажет емес. Оларға баласының әр әрекеті үшін ақталуға тура келмейтін орта керек. Баланы қоғамға бейімдеу маңызды. Бірақ қоғамның да әртүрлі балаларды қабылдауды үйренуі қажет. Инклюзия дегеніміз – бір сыныпта бірге отыру ғана емес. Ол – әр баланың білім алуына, өз қабілетін дамытуына, достасуына және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау. Бұл үшін қолжетімді инфрақұрылым, кәсіби мамандар, білім беру ұйымдарының дайындығы және қоғамның түсіністігі қажет.