Коуч болсаң, дипломыңды көрсет: Қазақстанда жаңа талап енгізілмек
Қазақстанда коучтар мен онлайн-курс авторларынан диплом немесе сертификат туралы мәлімет көрсету талап етілуі мүмкін. Алайда депутаттар жаңа талаптың қарапайым танымдық бейнеролик жариялайтын азаматтарға да әсер етуі ықтимал екенін ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz
Онлайн-курс авторларына қандай талап қойылмақ
Ұсынылып отырған заңнамалық түзетулерге сәйкес, интернетте білім беру курстары мен оқыту материалдарын жариялайтын авторлар тиісті білімі бар екенін көрсетуі тиіс. Ол үшін жарияланымда дипломы немесе сертификаты туралы мәлімет ұсыну көзделген. Алайда Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева бұл норманың ауқымы тым кең екенін айтып, оның қарапайым азаматтарға да қолданылуы мүмкін екеніне назар аударды.
Депутаттың пікірінше, кәсіби кеңес беретін мамандар мен жеке тәжірибесін бөлісетін азаматтардың аражігін ажырату қажет. Әйтпесе тағам дайындауды немесе тұрмыстық жұмыстарды үйрететін бейнеролик авторларынан да диплом талап етілуі мүмкін.
«Сонда бәліш пісірудің рецептімен бөліскен әжеден де диплом мен сертификат талап етіле ме? Мұндай шектеулер айналасындағылардың денсаулығына зиян келтірмей, өз тәжірибесімен бөлісетін азаматтарға жасанды кедергілер туғызуы мүмкін», – деді Ләззат Жылқыбаева.
Министр не дейді
Ләззат Жылқыбаева білімі туралы мәлімет көрсету талабын ең алдымен адамдардың денсаулығы мен қаржылық жағдайына ықпал ететін контент авторларына қолдануды ұсынды. Атап айтқанда, медициналық кеңес беретін, дәрі-дәрмектерді қолдануды үйрететін немесе инвестиция саласында ұсыныс жасайтын мамандардың кәсіби біліктілігін растауы маңызды екенін жеткізді.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев азаматтардың жеке тәжірибесіне сүйеніп, танымдық материалдар жариялауынан ешқандай мәселе көрмейтінін мәлімдеді. Министр заң жобасындағы аталған норманы нақтылауға қатысты ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін айтты.