Кеңес Рақышев Украинадағы БТА банкті ақыры сатты
Қазақстандық миллионер Кеңес Рақышев иелік еткен БТА банкті Украинаның Nova компаниялар тобы сатып алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Банкті біріктіру не береді
Мәлім болғандай, банкті NovaPay төлем жүйесімен біріктіріп, NovaBank брендімен жұмыс істеуге дайындау басшылыққа алынды.
Forbes Ukraine ақпаратынша, БТА банктің банк лицензиясы мен NovaPay-дің технологиялық инфрақұрылымын біріктіру жеке тұлғалар мен бизнеске көрсетілетін қаржылық қызметтер аясын кеңейтуге жол ашады. Бастапқы кезеңде қызметтер цифрлық форматта ұсынылатын көрінеді. Интеграция барысында қазіргі клиенттерге қызмет көрсету шарттары өзгермейді. Олардың қолданыстағы келісімшарттары сақталмақ.
Алты жылдан бері сата алмаған
БТА банктің жарғылық капиталының 100%-ы кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі болған. Ол банкке жанама түрде иелік етті. Биыл 12 қараша күні Украина Ұлттық банкі Nova тобы иелері Вячеслав Климов пен Владимир Поперешнюкке БТА Банктің 100% жарғылық капиталын бірлесіп сатып алуға рұқсат берген.
Мұның алдында банкті сатып алуға украиналық «Е Гроши» қаржы компаниясының тең иелері Вячеслав Мишалов пен Дмитрий Шевчук те қолқа салған. Дегенмен 2 қараша күні олар мәміледен бас тартып, Украина Ұлттық банкіндегі келісу рәсімін тоқтатқан. Бұдан соң Nova тобы банкті сатып алуға үміткер жалғыз тарап болып қалған. Кәсіпкер БТА банкті 2020 жылдан бері сатуға әрекеттенген. Бірақ бұған дейін әлеуетті сатып алушылармен жасалған келісімдер банктің меншік иесінің ауысуына байланысты аяқталмаған.