Геосаясат

«Бұрынғы алпауыттар жаңа күштерді тежегісі келеді»: Путин Қытайға барып Батысқа шүйлікті

Ресей президенті Владимир Путин әлемдік экономикадағы ықпалдың Батыстан Азияға ауысып жатқанын мәлімдеп, Батыс елдерінің санкциялық саясатын сынға алды. Бұл туралы ол 18 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) форумының іскерлік саммитінде айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Кремльдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қытайға АТЭС саммитіне қатысу үшін барған Путин әлемдік экономикада түбегейлі өзгерістер болып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Азия-Тынық мұхиты аймағы жаһандық экономиканың басты орталығына айналған. Қазір бұл өңірге әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыздан астамы және халықаралық тауар саудасының жартысы тиесілі. Ресей басшысы Азия елдерінің экономикалық және технологиялық тұрғыдан күшеюі бұрынғы әлемдік тәртіпті өзгертіп жатқанын атап өтті. Алайда оның пікірінше, Батыс мемлекеттері бұл өзгерістерді қабылдағысы келмейді.

«Бұрынғы гегемондар адал бәсекелестік қағидаларына қайшы әрекет етіп, табысқа жетіп, дамып келе жатқан елдердің өркендеуін тежеуге тырысып жатыр», – деді Путин.

Ол Ресейге қарсы енгізілген санкцияларды да сынға алды. Путиннің сөзінше, Батыстың Ресейді халықаралық экономикадан оқшаулау әрекеті нәтижесіз аяқталған. Керісінше, сыртқы қысым елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға және отандық өндірісті дамытуға түрткі болған. Сонымен қатар Ресей президенті Еуропалық одақтың ресейлік энергия ресурстарынан бас тартуы өңір экономикасына кері әсер еткенін мәлімдеді. Оның пікірінше, Еуропа өнеркәсіптік әлеуетін жоғалтып, инфляция мен мемлекеттік қарыздың өсуіне тап болып отыр.

Back to top button