TOP-1Қаржы

Семейдегі бронетанк зауыты 70 млрд теңгеге сатылғалы жатыр

«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы Семейдегі әскери техниканы жөндеп, жаңғыртумен айналысатын «Семей инжиниринг» кәсіпорнын сатуға шығарды. Кеңес одағы тұсында құрылған қорғаныс зауытының бастапқы бағасы 70,8 млрд теңге болып белгіленген. Алайда болашақ қожайын кәсіпорынды сатып алумен ғана шектелмейді. Оған зауыттың миллиардтаған теңге қарызын өтеу міндеті де жүктелмек, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әскери зауыт қаншаға сатылып жатыр

Электронды саудаға арналған e-Qazyna платформасында «Семей инжиниринг» кәсіпорнының 2 608 500 жай акциясы, яғни жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесі сатылымға қойылған. Акциялар пакетінің бастапқы құны 70 833 105 629 теңгені құрайды. Кәсіпорынның нарықтық бағасын 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша «Эрнст энд Янг – консультациялық қызметтер» компаниясы анықтаған. Аукцион 27 қарашада өтеді. Сауда бастапқы бағаны көтеру әдісімен ұйымдастырылады. Оған қатысуға ниетті инвесторлар 10,625 млрд теңге көлемінде кепілдік жарна енгізуге тиіс. Өтінім қабылдау сол күні сағат 10:55-те аяқталып, сауда 11:00-де басталады.

Сатып алушыға бірқатар міндеттеме жүктеледі. Атап айтқанда, зауыттың негізгі өндірістік бағытын өзгертуге, жұмыс орындарын қысқартуға және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалуына нұқсан келтіруге болмайды. Сонымен қатар азаматтық мақсаттағы өнім шығаруды жалғастырып, өндіріске жаңа технологиялар енгізу талап етіледі. Қазір кәсіпорындағы қызметкерлердің орташа жылдық саны 349 адамды құрайды.

Бұдан бөлек, жаңа меншік иесі «Семей инжинирингтің» «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы алдындағы 2014 жылғы дивидендтер бойынша берешегін өтеуді қамтамасыз етуге міндетті. 2026 жылғы 30 қазандағы мәлімет бойынша бұл қарыз 2,87 млрд теңгеге жеткен. Осылайша акциялардың бастапқы бағасы мен қарызды қоса есептегенде, сатып алушының қаржылық міндеттемесі кемінде 73,7 млрд теңгені құрауы мүмкін. Бұл сомаға зауытты одан әрі дамытуға жұмсалатын инвестициялар кірмейді.

Сауда шарттарына сәйкес, жаңа меншік иесі сатып алған акцияларын алғашқы бір жыл ішінде қайта сата алмайды. Сондай-ақ оларды кепілге қоюға немесе басқа тұлғаның басқаруына беруге тыйым салынады.

Кеңес Одағынан қалған зауыт

«Семей инжиниринг» кәсіпорнының тарихы 1976 жылғы 2 шілдеден басталады. Сол күні Кеңес Одағының билігі Семей қаласында Орта Азия әскери округінің қажеттілігі үшін броньды техникаларды жөндейтін ірі өндірістік орталық құру туралы шешім қабылдаған. Алғашқы геологиялық зерттеу жұмыстарын Воронежден келген әскери бөлім мамандары жүргізген.

Зауыт құрылысы КСРО Қарулы күштері Бас штабының 1984 жылғы 30 қаңтардағы директивасы негізінде басталды. Кәсіпорынның алғашқы өндірістік кешені 1987 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 17,4 гектарды алып жатқан зауытта бастапқыда 1500-ге жуық адам еңбек еткен.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кәсіпорын Қазақстанның Қорғаныс министрлігі қарамағына өтті. Ал 2004 жылы оның мемлекеттік акциялар пакеті «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына берілді. Биыл шілдеде зауыттың құрылғанына 50 жыл толды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан кәсіпорынның өндірістік қуатын сақтап, жабдықтарын жаңғыртуға қаржы бөлген. Мәселен, 2011 жылдың қарашасында «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан инжиниринг» компаниясының 2011–2012 жылдары зауытты қайта жаңғыртуға және жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға шамамен 2 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлағанын хабарлаған.

Бұл қаражат өндірістің шетелдік қосалқы бөлшектерге тәуелділігін азайтуға, отандық өнім үлесін арттыруға және білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтауға бағытталуы тиіс болған. Дегенмен ашық дереккөздерде кеңестік кезеңдегі зауыт құрылысына нақты қанша қаржы жұмсалғаны көрсетілмеген. Сондай-ақ 2011–2012 жылдарға жоспарланған инвестицияның толық игерілгені туралы мәлімет берілмеген.

Кәсіпорынның негізгі қызметі – Қазақстанның күштік құрылымдары пайдаланатын әскери техниканы күрделі жөндеуден өткізу және жаңғырту. Зауытта бронетранспортерлер мен жаяу әскердің жауынгерлік машиналары жөнделеді, Т-72 танктері жаңғыртылады. Бұдан бөлек, әскери автомобильдер мен инженерлік техника қалпына келтіріліп, арнайы жөндеу-эвакуациялық машиналар шығарылады.

Кәсіпорын азаматтық мақсаттағы техника өндірісімен де айналысады. Соның ішінде әскери есептен шығарылған машиналардың негізінде шаруашылыққа қажетті арнайы техника әзірлеу бағыттары бар. Зауыттың басты ерекшелігі – броньды техниканы күрделі жөндеудің толық өндірістік циклін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базасының болуы.

Мемлекет қорғаныс зауытын неге сатып жатыр

«Семей инжиниринг» кәсіпорнын жекешелендіру мемлекет қатысатын компаниялардың экономикадағы үлесін қысқарту саясаты аясында жүргізіліп отыр. Сауда құжаттарында зауытты сатуға негіз болған бірнеше шешім көрсетілген. Олардың қатарында Үкіметтің 2025 жылғы 24 қазанда қабылдаған №894 қаулысы бар. Бұл құжат квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыруға бағытталған. Сонымен бірге «Қазақстан инжиниринг» директорлар кеңесінің 2026 жылғы 28 қазандағы шешімі және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2026 жылғы 2 қарашадағы №555 бұйрығы негізге алынған. Дегенмен бұл сауда қарапайым өндірістік кәсіпорынның меншік иесін ауыстырумен ғана шектелмейді. Әңгіме Қазақстан армиясының әскери техникасын жөндеп, жауынгерлік машиналарын жаңғыртатын стратегиялық маңызы бар өндіріс туралы болып отыр. Сондықтан сатып алушыға мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау, кәсіпорынның өндірістік әлеуетін сақтау және жұмыс орындарын қамтамасыз ету міндеттері қойылған.

Back to top button