«Досы жылап отырып, бар шындықты айтты»: ҚазҰУ-да мерт болған студенттің анасы әділдікті талап етті
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қаза тауып, қылмыстық іс қозғалған. Марқұмның анасы ұлының өліміне жоғары курс студенттерінің қатысы бар екенін айтып, жатақханада әлімжеттік пен мәжбүрлі ақша жинау жүйесі болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Ұлымды жүрек тұсынан ұрған»
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын марқұмның анасы Сәуле Ордабаева ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен. Бұл оның баласының дауысын соңғы рет естуі еді. Анасының айтуынша, қайғылы жағдайға екінші курста оқитын сегіз студенттің қатысы болуы мүмкін. Олар бірінші курстың екі студентін бөлмеге алып кіріп, күш қолданған. Сәуле Ордабаева ұлының өліміне кінәлі адамдардың барлығы заң алдында жауап беруі тиіс деп есептейді.
«Олар сегіз адам болған. Бәрі екінші курстың студенттері. Олар бірінші курстың екі студентін ұстап алып, бөлмеге алып кеткен. Алдымен сол жауыздар әлгі жігітті ұрған, содан кейін менің ұлымды соққыға жыға бастаған. Оның үстіне, соққы жүрек тұсына тиген де, балам құлап қалған. Содан кейін ұлымды басын төмен қаратып көтеруге мәжбүрлеген. Кеше аудандық полиция бөлімінде оның досы жылап отырып, осы сұмдықтың бәрін айтып берді. Мен кінәлі сегіз адамның бәрінің жазалануын талап етемін. Университет басшыларын жауапқа тартуды талап етемін», – деді Сәуле Ордабаева.
Марқұмның жақындары оның бала кезінен бокспен айналысқанын, салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық тұрғыдан жақсы дайындықта болғанын айтады. Достары да оның денсаулығы мықты, спортқа бейім жігіт болғанын еске алды.
«Дауыл менің досым еді. Біз бірге өстік. Ол мықты жігіт болатын. Бір соққыдан құлап қалуы мүмкін емес. Мен оны жақсы білемін. Тіпті боксқа да бірге барғанбыз», – деді марқұмның досы.
Жатақханадағы әлімжеттік
Марқұмның туыстары университет жатақханасында төменгі курс студенттерінен ақша жинау жүйесі болғанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, екінші курс студенттері бірінші курсқа түскен жастарға “өз тәртібін” орнатқан. Оған бағынбаған студенттер жазаланған. Марқұмның анасы ұлының мұндай жағдайлар туралы бұған дейін туыстарына айтып бергенін жеткізді.
«Университетте «система» деп аталатын тәртіп бар екен. Екінші курс студенттері бірінші курс студенттерінен мәжбүрлеп ақша жинаған. Оның үстіне, олармен міндетті түрде екі қолдап амандасып, «сіз» деп сөйлесу керек екен. Сөйтсем, ұлым мұның бәрін түскі ас кезінде немере әпкелеріне айтып берген екен», – деді Сәуле Ордабаева.
Бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғанын хабарлаған еді. Алматы қалалық полиция департаменті аталған оқиғаға байланысты күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Қайғылы жағдайдан кейін университетте қызметтік тергеу басталды. Оқу орнының баспасөз қызметі тергеу нәтижесінде проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылғанын хабарлады. Сонымен қатар студент өліміне байланысты университетте кешенді тексеру жүргізілетіні белгілі болды.
Марқұмның анасы оқиғаға қатысы бар адамдарды ғана емес, студенттердің қауіпсіздігіне жауапты университет басшыларын да жауапқа тартуды талап етіп отыр.