Қостанай облысында екі оқушы 5-ші сыныптағы ұлды зорлады деген күдікке ілінді
Қостанай облысында бесінші сыныптың оқушысына мектеп дәретханасында жыныстық зорлық жасалғаны турасында ақпарат тарады. Оқиғаға алтыншы сыныпта оқитын екі баланың қатысы болуы мүмкін. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға жайлы
«Не молчи» қорының мәліметінше, Қостанай облысындағы мектептердің бірінде алтыншы сыныптың екі оқушысы бесінші сыныпта оқитын балаға дәретханада жыныстық зорлық жасады деген күдік бар. Қор таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиғаны жоғары сынып оқушыларының бірі көріп, болған жағдайды жәбірленуші баланың ағасына жеткізген.
Осыдан кейін мектеп директоры полицияға хабарласқан. Ал баланың анасы құқық қорғау органдарына ресми арыз түсірген. Әзірге оқиғаның нақты қашан және қандай жағдайда болғаны туралы толық мәлімет жарияланған жоқ.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Қостанай облысының полициясы аталған дерек бойынша 16 қарашада қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Құқық қорғау органдары тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Полиция әзірге қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалғанын және оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмағандарға қатысты қандай процестік шешім қабылданғанын нақтылаған жоқ.