Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізеді. Арнайы мониторинг тобы студенттердің қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ психологиялық қолдау көрсету жүйесінің тиімділігіне баға береді. Сонымен қатар Алматыдағы студенттер жатақханаларында да тексеру шаралары ұйымдастырылады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
ҚазҰУ-да студенттердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні тексеріледі
Министрліктің мәліметінше, тексеру жастар арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында жүргізіледі. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы мониторинг тобы жіберіледі.
Мамандар жоғары оқу орнында студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты заңнама талаптары мен университеттің ішкі нормативтік құжаттарының қаншалықты сақталатынын зерделейді. Сонымен қатар, университеттегі тәрбие жұмысының, әлеуметтік-психологиялық қолдау мен профилактикалық шаралардың тиімділігі бағаланады.
Ерекше назар студенттер арасындағы жанжалды жағдайларды дер кезінде анықтау және олардың алдын алу тетіктеріне аударылады. Бұдан бөлек, студенттердің өтініштері мен шағымдарына уақытылы жауап беру, сондай-ақ психологиялық көмек көрсету жүйесінің жұмысы қаралады.
Алматыдағы студенттер жатақханалары да тексеріледі
Студенттердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына прокуратура, полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, кәсіби психологтар және қоғам белсенділері енгізілген.
Жұмыс тобы Алматыдағы студенттер жатақханаларында көшпелі тексеру шараларын жүргізеді. Сонымен қатар, студенттермен кездесулер ұйымдастырылып, олардың қауіпсіздігіне, психологиялық жағдайына және туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар атқарылады. Бұл шаралар студенттердің мәселелерін дер кезінде анықтап, қажетті қолдау көрсетуге бағытталған.
Жанжалдар мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға басымдық беріледі
Министрліктің хабарлауынша, тексерудің негізгі міндеттерінің бірі – студенттер арасында «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту. Осы мақсатта жастар ортасындағы қауіп факторларын уақытылы анықтау, жанжалды жағдайлардың алдын алу, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен бірге студенттердің қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алып, өмір сүруіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Кешенді тексеру қорытындысы бойынша студенттердің қауіпсіздігін арттыруға және жоғары оқу орындарындағы профилактикалық жұмыс жүйесін жетілдіруге бағытталған қосымша шаралар әзірленеді.
Еске салсақ, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің өлімінен кейін проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды.
Айта кетейік, бұл – соңғы он күн ішінде ҚазҰУ-да тіркелген екінші қайғылы жағдай. 6 қарашада университеттің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған болатын.