Астанада автобуста ер адам қызға тиісті: полиция тексеру жүргізіп жатыр
Астанада бойжеткен қоғамдық көлікте бейтаныс ер адамның жыныстық сипаттағы тиісуіне ұшырағанын мәлімдеді. Қыздың айтуынша, ол ер адамды тоқтатуға тырысқанымен, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қыз ер адамды тоқтатуға тырысқан
Оқиға туралы бойжеткен Threads әлеуметтік желісіндегі akpeil_m парақшасында жазған.
Оның айтуынша, автобуспен келе жатқанда бейтаныс ер адам оған тиіскен. Қыз бұған қарсылық білдіріп, дауыс көтергеннен кейін ер адам аялдамадан асығыс түсіп қалған. Бойжеткен де оның соңынан шығып, полиция шақырған. Сонымен қатар ер адамды тоқтатуға әрекеттенген. Қыздың сөзінше, сол сәтте айналасында көмек көрсететін ешкім болмаған. Осыны пайдаланған ер адам қашып үлгерген. Соған қарамастан бойжеткен оның бірнеше фотосуретін түсіріп алған.
«Полицияға арыз жаздым. Оны жақын арада тауып, жасаған әрекеті үшін жауапқа тартады деп үміттенемін», – деп жазды ол.
Автобус паркі оқиғаға қатысты түсініктеме берді
№1 автобус паркінің өкілдері бұл жағдай туралы әлеуметтік желілерден білгенін мәлімдеді. Автопарк қызметкерлерінің айтуынша, егер жолаушы сол сәтте көмек сұрап, жүргізушіге хабарласқанда, оған міндетті түрде қолдау көрсетілер еді.
«Егер қыз сол кезде дауыс көтеріп, көмекке шақырғанда, автобус жүргізушісі міндетті түрде көмектесер еді. Мұндай жағдайларда осылай әрекет еткен дұрыс. Ал видео әлеуметтік желіге жарияланғандықтан, бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуы керек деп есептейміз», – деді автобус паркіндегілер.
Полиция ер адамның кім екенін анықтап жатыр
Астана полициясы аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адамның жеке басын анықтау және оқиғаның мән-жайын нақтылау шаралары қолға алынған.
«Аталған дерек бойынша Нұра ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру барысында көрсетілген азаматтың жеке басын анықтау және болған оқиғаның мән-жайын нақтылау шаралары жүзеге асырылуда. Тексеру нәтижесі бойынша оның әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті құқықтық шешім қабылданады.