«Әке-шешесінің үш қолы бар»: Петропавлдағы баннер жұртты таңғалдырды
Петропавлда орнатылған ерекше баннер әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Онда кішкентай қызын қорғап тұрған әке мен ананың әрқайсысында үш қол бардай көрінеді. Қала әкімдігі суреттің өзіндік мәні бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Threads әлеуметтік желісінде қала тұрғындарының бірі баннердің суретін жариялаған. Онда әкесі мен анасы орталарында тұрған кішкентай қыздың қолынан ұстап, оның басына шатыр тәрізді қорған жасап тұрғаны бейнеленген. Алайда суретке мұқият қарағандар ата-ананың әрқайсысында үш қол бардай көрінетінін байқаған.
«Бұл ғажайып баннер Ульянов көшесіндегі 59 және 61-үйлердің арасында орналасқан. Қағаз жүзінде дизайнер болған шығар деп ойлаймын. Бірақ нағыз дизайнер мұндай қатені байқамай қалмас еді», – деп жазды желі қолданушысы.
Әкімдік не де дейді
Желіде қызу талқыланған баннерге Петропавл әкімдігі түсініктеме берді. Қала билігінің мәліметінше, суреттегі артық қолдар – дизайнердің қателігі емес, автордың әдейі қолданған көркемдік тәсілі.
Әкімдік мәліметінше, баннер биыл қыркүйекте ашылған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының жанында орналасқан. Аталған мекемеде қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық және өзге де қолдау көрсетіледі. Дизайнер ата-ананың бірнеше қолын бейнелеу арқылы отбасының қорған болу қасиетін және бір мезгілде бірнеше міндетті атқара алатынын жеткізгісі келген.
«Баннердегі сурет қате емес, автордың көркемдік тәсілі. Дизайнер осылайша отбасындағы қорғаныш пен оның бірнеше міндетті қатар атқара алатынын көрсеткісі келген», – деп түсіндірді әкімдік.
Дегенмен автордың көркемдік шешімі көпшілікке бірдей түсінікті болмаған. Қала әкімдігі жұртшылықтың пікірін ескеріп, баннерді алып тастау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
«Автордың көркемдік ойы жұртшылық арасында әртүрлі қабылданғандықтан, баннерді алып тастап, орнына басқасын орнату туралы шешім қабылданды», – делінген әкімдік түсініктемесінде.