Алматыда өрт сөндіру көлігімен соқтығысқан Toyota Camry жүргізушісі көз жұмды
Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиға 17 қарашаға қараған түні Тимирязев пен Әуезов көшелері қиылысында, «Атакент» көрме орталығының қарсы бетінде болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өрт сөндіру көлігі шұғыл шақыртуға бара жатқан
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, жол-көлік оқиғасы түнгі сағат 00:40 шамасында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөндіру қызметінің арнайы автокөлігі шұғыл шақыртуға бара жатты. Көліктің арнайы жарық белгілері қосулы болған. Қиылыстан өту кезінде ол Toyota Camry жеңіл автокөлігімен соқтығысқан.
Салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі ауыр жарақат алды. Медициналық көмек көрсетілгенмен, ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал арнайы көлік жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді.
Қылмыстық іс қозғалды
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы қалалық Полиция департаментінің анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір полиция қызметкерлері апаттың барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиғаға кімнің кінәлі екені соның нәтижесінде анықталады.