Ресейдің Украинаға жасаған әуе соққысынан 72 адам қаза тапты
Гуманитарлық көмек алуға келген 72 адам қаза тапты
Украинаның Запорожье облысындағы Камышеваха елдімекенінде Ресейдің әуе шабуылынан кейін жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Гуманитарлық көмек таратылған ғимаратқа жасалған соққы салдарынан 72 адамның қаза тапқаны анықталды. Тағы төрт адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап, Tizgin.kz хабарлайды.
Үйінді астынан 58 адамның денесі шығарылды
Ресей әскері 2 қарашада Запорожье облысындағы Камышеваха елді мекеніне әуеден соққы жасаған. Шабуыл кезінде бұрын мектеп болған, кейін гуманитарлық көмек тарату орталығы ретінде пайдаланылған ғимарат қираған. Апат орнында екі апта бойы жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары 16 қарашада аяқталды. Украина Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар үйінді астынан 58 адамның денесін алып шыққан. Тағы бір адам ауруханада көз жұмса, 13 адамның қаза тапқаны ДНҚ сараптамасының нәтижесінде анықталған. Мерт болғандардың арасында екі құтқарушы мен төрт полиция қызметкері бар. Қазір зардап шеккен төрт адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің хабарлауынша, тағы төрт адамның тағдыры әлі белгісіз.
Украина билігінің мәліметінше, Ресей әскері құтқару жұмыстары жүріп жатқан екі апта ішінде Камышеваха елді мекеніне тағы 11 рет шабуыл жасаған. Соның тоғызы тікелей үйінділерді аршу жұмыстары жүргізілген аумаққа бағытталған. Қайталанған соққылар салдарынан үш полиция қызметкері мен төрт құтқарушы жарақат алған. Соған қарамастан, іздестіру жұмыстары жалғасып, қираған ғимараттың үйінділері толық аршылды.
Тоғыз авиабомба тасталған: БҰҰ Ресейдің әрекетін айыптады
Украина тарапының мәліметінше, 2 қарашадағы шабуыл гуманитарлық көмек тарату кезінде жасалған. Украина премьер-министрі Сергей Корецкийдің айтуынша, Ресей әскері алдымен гуманитарлық орталық орналасқан бұрынғы мектеп ғимаратына әуеден соққы берген. Адамдар қауіпсіз жерге, яғни паналау орнына жасырынғаннан кейін сол нысан да шабуылға ұшыраған. Украина үкіметінің мәліметінше, Ресей әскері жалпы тоғыз авиабомба қолданған. Гуманитарлық көмек тарату шарасы туралы алдын ала ресми хабарланғанына қарамастан, адамдар жиналған аумақтың нысанаға алынуы адам шығынының күрт артуына әкелген.
Камышевахаға жасалған шабуыл Украинадағы толық ауқымды соғыс басталғалы бері бір нысанға бағытталған ең көп адам шығынына әкелген әуе соққыларының бірі ретінде бағаланып отыр. Бірқатар халықаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаны 2022 жылғы наурызда Мариуполь қаласындағы драма театрының бомбалануымен салыстырған. Алайда сол кездегі шабуылдан қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге дейін түпкілікті расталмаған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Ресей әскерінің гуманитарлық орталыққа жасаған соққысын айыптады. БҰҰ-ның Украинадағы Адам құқықтары жөніндегі мониторинг миссиясының басшысы Даниэль Беллдің айтуынша, бұл шабуыл халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі қағидаттарын бұзуы мүмкін.
«Ресей қарулы күштері бұл жерде гуманитарлық көмек таратылып жатқанын білген немесе шабуыл жасамақ болған елді мекенде не болып жатқанын анықтау үшін ең қарапайым шаралардың өзін қабылдамаған. Қалай болғанда да, бұл соққы халықаралық гуманитарлық құқықтың ең негізгі қағидаттарын бұзғанға ұқсайды», – деді Даниэль Белл.
Ресей тарапы Камышеваха елдімекеніндегі гуманитарлық орталыққа жасалған шабуылға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Ал Украина билігі төрт адамның әлі із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеп отыр. Сондықтан шабуылдан қаза тапқандардың түпкілікті саны өзгеруі мүмкін.