Жаңалықтар

Астанада оқушы қыз мектепке пышақпен келіп, екі жасөспірімді жаралады

Астанадағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысы екі жасөспірімді пышақпен жарақаттады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға елордадағы мектептердің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, жоғары сыныпта оқитын қыз сабаққа пышақ алып келіп, екі жасөспірімге шабуыл жасаған. Салдарынан екі оқушы жарақат алды. Астана полициясы аталған деректі растағанымен, оқиғаның нақты неден басталғанын, шабуылға не себеп болғанын әзірге жариялаған жоқ. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, зардап шеккен оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Полиция оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған қыздың профилактикалық есепке алынғанын хабарлады. Сонымен қатар ол психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылған.

«Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке алынып, психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылды. Оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды», – деп мәлімдеді полиция.

Мектеп күзетінің жұмысына құқықтық баға беріледі

Оқиғадан кейін мектептегі қауіпсіздік шаралары да назарға алынды. Құқық қорғау органдары білім беру мекемесінің қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетін тексермек. Атап айтқанда, оқушының мектепке суық қару алып кіруіне қандай жағдай мүмкіндік бергені анықталуы тиіс.

Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Мектеп күзетінің әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Әзірге оқиға болған мектептің атауы, жарақат алған балалардың жасы және шабуылдың нақты себептері жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.

Back to top button