TOP-2Қоғам

«10-15 жыл бұрын болған»: министрге Исматулланың ісі жөнінде сұрақ қойылды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Исматулла Мақсұмның медресесіндегі балалар жайлы тараған ақпарат жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бүгінгі брифиң барысында журналистер Ішкі істер министрлігі Исматулла Мақсұмның заңсыз медресесіне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын айтып, аталған мекемеде балаларға зорлық-зомбылық көрсетілгені жөніндегі ақпарат турасында Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымын сұрады.

«Бұл мәселе Ішкі істер министрлігінің құзыретінде. Алайда біздегі мәлімет бойынша, бұл оқиғалар 10-15 жыл бұрын болған. Егер оларға психологиялық көмек қажет болса, біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті психологиялық және өзге де көмекті көрсетуге дайынбыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр тергеудің мән-жайына тоқталған жоқ. Сондай-ақ медреседе зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпараттың расталған-расталмағанын нақтыламады. Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап еліміздің өңірлерінде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары жұмыс істей бастаған.

Әңгіме неден шықты

Қоғамда бұл талқы жақында Ақылбек Жұмабеков есімді азаматтың “Қазақстандағы «сопылық» бағыттағы зікіршілер жамағатының жетекшісі, діни тұлға Исматулла Мақсұмның жасөспірімдерге жыныстық сипатта қысым көрсеткенін” мәлімдегенінен басталған еді. Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтқан. Оның сөзінше, жамағат ішіндегі бұл жағдайлар бұған дейін де белгілі болғанымен, көбі ашық айтудан тартынған. Мұндай әңгіме алдында белсенді Абзал Достияровқа сұхбат бергендердің де аузымен айтылған.

Осыдан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арнайы мәлімдеме жасап, аталған тұлғалардың ресми діни ведомствоға ешқандай қатысы жоқ екенін жария еткен еді.

 

Back to top button