Қар, боран, аяз: желтоқсан айына арналған ауа райы болжамы
2026 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы әдеттегіден жоғары болады деп күтілуде. Алайда қатты аяз да болады. Қазгидромет болжамынша, Астанада ауа температурасы -26 градусқа, ал Алматыда -17 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ синоптиктер қар жауып, боран соғатынын, көктайғақ пен тұман болатынын ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Қазақстанда желтоқсан айы климаттық нормадан жылы болады
Қазгидрометтің консультативтік болжамына сәйкес, желтоқсанда Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Ал Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Жетісу облысының шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында ауа температурасы климаттық норма шамасында сақталады деп болжануда.
Ел аумағының басым бөлігінде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда орташа айлық температура -5 пен -13 градус аралығында болады. Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында бұл көрсеткіш -17 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде күн салыстырмалы түрде жылы болады. Бұл аймақтарда орташа айлық ауа температурасы -4 пен +3 градус аралығында болжанып отыр.
Қазақстанның барлық өңірінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп күтілуде. Жалпы желтоқсан айы әдеттегіден жылы болғанымен, ай бойы ауа температурасы айтарлықтай құбылып, кей кезеңдерде қатты аяз болуы мүмкін.
Астанада ауа температурасы -26 градусқа дейін төмендеп, боран соғады
Астанада желтоқсан айындағы орташа ауа температурасы -10,5 градус болады деп болжануда. Бұл климаттық нормадан (-12 градус) 1,5 градусқа жоғары. Желтоқсанның алғашқы онкүндігінде күн біртіндеп суытады. Айдың басында түнгі ауа температурасы -9…-14 градус, күндіз -3…-8 градус болады.
Ал бірінші онкүндіктің соңына қарай аяз күшейеді. Түнде сынап бағанасы -21…-26 градусқа дейін төмендеп, күндіз -15…-20 градус болуы мүмкін. Екінші онкүндіктің басында күн жылынады. Түнгі температура -13…-18 градусқа, күндізгі температура -7…-12 градусқа дейін көтеріледі. Айдың ортасында ауа райы одан әрі жылынады. Түнде -6…-11 градус, күндіз 0…-5 градус болады деп күтілуде. Алайда екінші онкүндіктің соңына қарай қайтадан күн суытады. Желтоқсанның үшінші онкүндігінде де ауа райы құбылмалы болады. Түнгі температура -6…-11 градустан -15…-20 градусқа дейін, ал күндізгі температура 0…-5 градустан -9…-14 градусқа дейін өзгеріп отырады.
Елордада бір айда түсетін жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында, яғни 25 миллиметр болады деп болжануда. Қар жауып, боран соғуы бірінші онкүндіктің ортасы мен соңында, екінші онкүндіктің ортасында, сондай-ақ үшінші онкүндікте бірнеше рет күтіледі. Бұдан бөлек, айдың әртүрлі кезеңдерінде көктайғақ болуы мүмкін. Ал үшінші онкүндіктің басында тұман түсуі ықтимал.
Алматыда желтоқсанның басында +8 градусқа дейін жылып, кейін қатты аяз болады
Алматыда желтоқсан айының орташа ауа температурасы -1,6 градус болады деп күтілуде. Бұл климаттық нормадан (-2,7 градус) 1,1 градусқа жоғары. Бірінші онкүндіктің басында күн жылынады. Түнгі температура бастапқы -3…-8 градустан -3…+2 градусқа дейін, ал күндізгі температура -3…+2 градустан +3…+8 градусқа дейін көтеріледі. Алайда бірінші онкүндіктің соңына қарай қалада күн күрт суытады. Түнде ауа температурасы -12…-17 градусқа, ал күндіз -7…-12 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Екінші онкүндікте қайтадан күн жылынады. Түнде -2…-7 градус, күндіз 0…+5 градус болады деп болжануда. Кейін температура тағы төмендейді. Түнде -8…-13 градусқа, күндіз -2…-7 градусқа дейін суытады. Ал онкүндіктің соңында қайтадан жылыну күтіледі. Үшінші онкүндікте де ауа температурасы құбылып тұрады. Түнде температура 0…-5 градустан -5…-10 градусқа дейін, ал күндіз +2…+7 градустан -2…+3 градусқа дейін өзгеруі мүмкін.
Желтоқсанның соңына қарай Алматыда қайтадан күн суытады. Түнде ауа температурасы -7…-12 градусқа, күндіз 0…-5 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Қалада бір айда түсетін жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында, яғни 44 миллиметр болады деп күтілуде. Жаңбыр мен қар бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндіктің соңында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің басы мен ортасында жаууы мүмкін.
Бірінші және үшінші онкүндіктердің соңында қар жауып, көктайғақ болады деп болжануда. Ал тұман желтоқсанның бірінші, екінші және үшінші онкүндіктерінің басында түсуі ықтимал. Қазгидромет мамандары бір айға арналған ауа райы болжамының консультативтік сипатта екенін еске салды. Жаңа метеорологиялық деректер түскен сайын болжам нақтыланып, өзгертілуі мүмкін.