Қазақстан мектептерінде екінші сыныптан бастап диктант пен шығарма жазылады
Қазақстан мектептерінде екінші сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазу тәжірибесін енгізу көзделіп отыр. Бұл өзгеріс оқушылардың оқу және жазу сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бұл туралы 16 қарашада Құрылтайдағы брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқушылардың оқу және жазу сауаттылығында олқылықтар анықталған
Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарға арналған білім беру бағдарламаларының мазмұнын зерделеген. Нәтижесінде оқушылардың жазу, оқу және жаратылыстану бағытындағы сауаттылығында белгілі бір олқылықтар бары анықталған. Министрдің айтуынша, осы мәселелерді шешу үшін мектептерде дәстүрлі жазба жұмыстарын қайта енгізу туралы шешім қабылданған. Атап айтқанда, оқушылар екінші сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазатын болады. Бұл олардың сауатты жазуына, оқыған мәтінін түсінуіне және өз ойын жазбаша жеткізуіне ықпал етуі тиіс.
«Балалар кітап оқуы керек»: министр өзгерістің себебін түсіндірді
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жазба жұмыстарын қайта енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – балаларды кітап оқуға ынталандыру.
«Егер тілдік пәндердің құрамында диктант, мазмұндама және шығарма болмаса, балалар кітап оқымайды. Өйткені мұндай тапсырмалар баланың белгілі бір әдеби шығармаларды оқып шығуын талап етеді. Әр жас ерекшелігіне сәйкес тиісті бағалау өлшемдері бар», – деді министр.
Оның сөзінше, әр сынып оқушысы жас ерекшелігіне сәйкес белгілі бір көлемдегі әдеби шығармаларды оқуы қажет. Сонымен қатар, балаларды оқығанын түсінуге, ойын жүйелі жеткізуге және шығарманы сауатты жазуға үйрету маңызды.
Диктант пен шығарма қалай бағаланады
Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, диктант жазу мен оқушылардың жұмысын бағалауға арналған өлшемдерді әзірлеген. Министрдің айтуынша, жазба жұмыстарына қойылатын талаптар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып белгіленеді.
Бұл оқушылардың білім деңгейін бағалау кезінде олардың жасына және оқу бағдарламасына сәйкес талаптарды қолдануға мүмкіндік береді. Жазба жұмыстары арқылы оқушылардың сауатты жазу, мәтінді түсіну және өз ойын жүйелі жеткізу дағдыларын дамыту көзделіп отыр.