Жаңалықтар

Құрылтай алғашқы Үкімет сағатын балалар мәселесіне арнады

Құрылтайдағы Үкімет сағатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланып жатыр. Аталған бағдарлама әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларында балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың қолданыстағы тетіктерін біріктіреді, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

«Тұжырымдама барлық саланы талдау нәтижесінде анықталған 70-тен астам жүйелі мәселе мен міндетті шешуге бағытталған 158 іс-шарадан тұратын жоспарды қамтиды. Атап айтқанда, Тұжырымдама жоспарында баланың бірыңғай цифрлық маршрутын енгізуден, ата-аналарды қолдау және олардың жауапкершілігін арттырудан бастап, балалар ауруханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымның 44-іне күрделі жөндеу жүргізуге дейінгі ауқымды іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының міндеттерін іске асыру аясында Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірледі», – деді Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Жалпы, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғау саласында барлық қажетті заңдар мен бағдарламалар қабылданып, балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған инфрақұрылым мен институционалдық жүйе құрылды. Атап айтқанда, барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар ашылып, балалардың құқықтарын қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

«Ендігі басты міндет – енгізілген тетіктерді жетілдіру және қабылданған барлық заңдар мен бағдарламалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету. Бұл шаралардың барлығы әрбір баланың өмірінде нақты көрініс табуы тиіс», – деп түйіндеді Динара Зәкиева.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button