«Ерекше баланы қалай бағалауым керек»: министр жеңілдетілген ҚМЖ болмайтынын айтты
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сабақ жоспарларын әзірлеу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, мұндай оқушыларға бөлек жеңілдетілген қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) дайындау дұрыс тәсіл емес, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Tizgin.kz тілшісі министрге мұғалімдердің шағымын жеткізді. Ұстаздардың айтуынша, олар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жеңілдетілген ҚМЖ, күнтізбелік-тақырыптық жоспар (КТЖ) және арнайы тапсырмалар әзірлеуге мәжбүр. Осыған байланысты тілші мұндай құжаттарды дайындау арнайы педагогтердің міндетіне кірмей ме және мұғалім мен тьютордың жауапкершілігі қалай бөлінуі керек деген сауал қойды.
Министр не деп жауап берді
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, жеңілдетілген ҚМЖ деген болмайды, бірақ ерекше баланың тапсырмаларында өзгешелік болуы мүмкін.
«”Мен бұл баланы қалай бағалауым керек” деп маған да мұғалімдер келген. Бұл балаға қосымша балл қосып беруім керек пе, әлде тапсырманы аз беруім керек пе деген ойлар бар. Бұл стандарттың негізінде жүзеге асырылады. Жеңілдетілген ҚМЖ деген дұрыс ұғым емес. ҚМЖ бәріне бірдей болады. Бірақ ерекше білім қажет ететін балаға беретін тапсырма басқаша болуы мүмкін. Біз оның мүмкіндігіне қарай жеңілдетпеуіміз керек. Тапсырмада өзгешелік болуы қажет. Мәселе осы», – деді министр.
Министр мұғалімдердің инклюзивті модульге байланысты біліктілігін арттыру қажеттігін де атап өтті.
237 мың балаға 11 мың педагог: инклюзивті білімнің сапасы қандай
Тілші министрге инклюзивті білім беру саласындағы маман тапшылығы мәселесін де көтерді.
«237 мың баланың бәрі инклюзивті біліммен қамтылды дейсіз. Бірақ өзіңіз келтірген дерек бойынша 3 мыңнан астам арнайы маман жетіспейді. Сонда маман тапшылығы шешілмесе, балалардың барлығы сапалы инклюзивті білім алып отыр деп қалай айта аламыз? Сіздер үшін инклюзия деген баланы мектепке қабылдау ғана ма, әлде сапалы білім беру ме?» – деп сұрады тілші.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала тіркелген. Оның 166 мыңы мектеп жасында. Оларға 11 мыңнан астам арнайы педагог қолдау көрсетеді. Елімізде 541 арнайы мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 240 түзету кабинеті және аутизмі бар балаларға арналған 12 орталық жұмыс істейді. Алайда қазіргі уақытта 10 мыңға жуық бала ПМПК қорытындысын алу үшін кезекте тұр.
«Қолданыстағы норматив бойынша бір ПМПК 50 мың балаға ашылуы керек. Құрылтай депутаттарымен бірлесе отырып, біз бұл көрсеткішті 40 мың балаға дейін төмендету мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова инклюзивті білім берудегі негізгі мәселелердің бірі арнайы педагогтердің жетіспеуі екенін мойындады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 3 мыңға жуық маман тапшы. Бұл мәселені шешу үшін колледждерде арнайы мамандар даярлау жұмыстары қолға алынған.
«Біз жанашыр қоғамбыз, бірақ осы мәселе бойынша 3 мыңға жуық арнайы педагог мамандар тапшы. Бүгінгі күннің өзінде 9 колледжде 800-ден астам деффектолог, сонымен бірге 8 коллежде арнайы педагогтарды оқытуға арналған грант беруді бастадық», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова қандай мұғалімдердің айлығы артатынын айтқан еді.