Сусынға есірткі қосу дерегі жиіледі: Аймағамбетов дабыл қақты
Қазақстанда жасөспірімдерді интернет арқылы есірткі таратуға және заңсыз қаржылық операцияларға тарту мәселесі өзекті болып отыр. Сонымен қатар адамдардың сусынына олардың келісімінсіз есірткі немесе өзге де заттарды жасырын қосу деректері жиілеген. Бұл туралы 16 қарашада Құрылтайдағы Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Балаларды интернет арқылы заңсыз әрекеттерге тартып жатыр
Депутаттың айтуынша, интернет жасөспірімдерді қылмыстық әрекеттерге тартудың бір арнасына айналып отыр. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарды есірткі жасырып кетуші және дроппер ретінде пайдалануға тырысатын жағдайлар кездеседі. Есірткі жасырып кетушілер тыйым салынған заттарды белгілі бір орындарға қалдырып, олардың орналасқан жері туралы ақпаратты жеткізумен айналысады. Ал дропперлер өздерінің банк шоттары мен карталарын заңсыз қаржылық операциялар үшін пайдалануға беретін адамдар.
Асхат Аймағамбетов қоғам назарын аударған тағы бір мәселе – спайкинг деректерінің жиілеуі екенін айтты. Спайкинг – адамның келісімінсіз оның сусынына есірткі немесе денсаулығына әсер ететін өзге де заттарды жасырын қосу әрекеті.
«Полиция мәліметінше, спайкинг деректері де жиілеген. Бұл – адамның сусынына өзіне білдірмей түрлі заттар мен есірткі қосу. Осы бағытта қосымша шаралар қажет. Біз бұл мәселеге қатысты арнайы заңнамалық түзетулер дайындадық», – деді депутат.
Спайкингке қарсы заңнамалық өзгерістер әзірленді
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай әрекеттердің алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша құқықтық шаралар қажет. Осыған байланысты депутаттар спайкингке қарсы арнайы заңнамалық түзетулер әзірлеген. Ұсынылып отырған өзгерістер адамдарға олардың келісімінсіз психикаға әсер ететін немесе өзге де заттарды беру жағдайларына қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Дегенмен әзірленген түзетулердің нақты мазмұны мен оларды қабылдау мерзімі туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Энергетикалық сусындар мен фастфудқа қатысты жаңа заң жобасы дайындалды
Депутат балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін тағам өнімдері мен энергетикалық сусындарға қатысты мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айындағы кеңесте фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасына назар аударған. Асхат Аймағамбетов дұрыс тамақтанбаудың салдарынан денсаулығында мәселелер туындап, дәрігер бақылауында жүрген балалар саны артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ жасөспірімдердің энергетикалық сусындарды жиі тұтынуы алаңдаушылық тудыратынын жеткізді.
«Зиянды тамақтың кесірінен ауруға шалдығып, дәрігер бақылауында жүрген балалар саны өсіп келеді. Жасөспірімдер арасында энергетикті жиі ішетіндердің үлесі де бізді алаңдатады», – деді депутат.
Ол Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынғанын және бұл талапты бұзғаны үшін айыппұл көзделгенін еске салды, алайда депутаттың пікірінше, қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешкен жоқ.
«Мәселе әлі толық шешілген жоқ. Оны өздеріңіз жақсы көріп отырсыздар. Сондықтан депутаттар балалар денсаулығына зиянды тағамдар мен энергетиктер бойынша тағы да бір заң жобасын дайындады», – деді Асхат Аймағамбетов.