Тойда әнші әйелді ұрған экс-қайын атасы ақыры қамауға алынды

Түркістан облысында тойда ән айтып тұрған әнші Азода Тұрсынмұрадованы ұрып құлатқан бұрынғы қайын атасы қамауға алынды. Бұл ақпаратты әншінің парақшасында інісі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Азода Тұрсынмұрадова кеше күні бойы полиция бөлімшесінде болған. Інісі оның әлеуметтік желісіне “қуанышты хабарды бөлісейін” деп мәлімдеме жасап, ұрған ер адам қамауға алынғанын хабарлады.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Түркістан облысының тұрғыны Азода Толайқызы бұрынғы күйеуінің әкесі ішіп алып, тойда ән айтып тұрған өзін соққыға жыққанын мәлімдеді. Оқиғаның кадрлары әлеуметтік желіге тарап кеткен. Азода «ел алдында ұрғаны үшін ол кісіні кешірмеймін» деп отыр. Ал бұрынғы күйеуі «әкеме арыз жазсаң, саған ешкім көмектеспейтін халге жеткізем» деп оны қорқытып жатқанын айтқан.
Аталған факті бойынша «ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.