Жаңалықтар

-18 градус суық, тұман, жел: алдағы үш күнге арналған ауа райы

«Қазгидромет» РМК өкілдері 17, 18 және 19 қараша күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қар аралас жаңбыр жауады

Соған сәйкес алдағы күндері бірнеше аймақта жаңбыр да, қар да жаууы мүмкін.

«Жоғары қысым аймағы елдің шығысына қарай жылжиды. Соның әсерінен республиканың шығысында, оңтүстігі мен орталығында жауынсыз ауа райы күтіледі. Дегенмен антициклон орнын солтүстік циклонның терең жырасы басып, алдағы күндері ауа райы нашарлайды», – делінген ақпаратта.

Синоптиктер ақпаратынша, ең алдымен батыс, кейін солтүстік-батыс пен солтүстік аймақтарда қар аралас жаңбыр жауады. Көктайғақ болуы да ықтимал. Республика бойынша жел күшейетін көрінеді. Солтүстік пен оңтүстік облыстардың таулы аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі.

Таулы аудандарда күрт сууы мүмкін

Мәлім болғандай, түнде елдің барлық дерлік өңірінде ауа температурасы нөлден төмен болады. Республиканың орталығында, шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарының таулы аудандарында ауа температурасы −13…−18°С-қа дейін төмендейді.

Күндіз ауа температурасы елдің шығысы мен батысында +5…+10°С-қа дейін, оңтүстік-батысында +10…+15°С-қа дейін, оңтүстігінде +10…+20°С-қа дейін дейін көтеріледі. Ал солтүстік пен орталық өңірлерде ауа температурасы −1…+4°С-ты көрсетуі ықтимал.

Back to top button